Қызылорда облысында қант диабетіне шалдыққан жастар саны артып отыр

Облыста қант диабетімен ауырғандар саны өткен жылмен салыстырғанда 2,6 пайызға өскен, деп хабарлайды Қазақпарат.

Олардың қатарында жастар саны басым. Әлемде 2 типті қант диабетімен ауыратын науқастардың саны көбейген. Дүниежүзінде осы сырқатқа шалдыққан 400 миллионға жуық адам бар.

«Қант диабеті жүрек-қан тамыр ауруларынан кейінгі екінші орында тұр. Бүгінде ауруға шалдыққан науқастардың жалпы саны 14 700. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,6 процентке көп. 2011 жылдан бастап қант диабетін анықтау үшін скрининг жүргізіліп, барлық емханалар осы бағдарламамен жұмыс істеуде», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс эндокринолог дәрігері Гүлнар Оразова. Қант диабеті әсер ете алатын және әсер ете алмайтын болып екіге бөлінеді. Біз әсер ете алмайтын факторлардың бірі – адамның жасы.

Мәселен, адамның жасы ұлғайған сайын қант диабетіне шалдығуы жоғары. Екінші фактор – бұл тұқым қуалаушылық. Яғни сырқат адамға ген арқылы беріледі. Сондай-ақ, қимыл-қозғалыстың аз болуы, дұрыс тамақтанбау, зиянды әдеттердің барлығы қант диабеті ауруына әкеп соқтыруы мүмкін екенін айтты дәрігерлер .