Шымкентте жаңа электр станциясы ашылды

Шымкент қаласын сапалы электр қуатымен қамту жоспары аясында шаһарда жаңа электр станциясы ашылды. «1-М-1» қосалқы электр станциясы 70 мың тұрғынды энергиямен қамтамасыз етеді деп жоспарланған. Құны 4,6 миллиард теңгенің кешені қалай жұмыс істейді? 

«Асар-2» шағын ауданынында үлкен той. «1-М-1» қосалқы электр станциясының арқасында мұндағы 3 мыңға жуық абонент енді  сапалы электр қуатына қосыла алады. Бұған дейін тұрғындар жекеменшік трансформатордың қызметін пайдаланып келген. Жалпы қосалқы станция тағы 3 ауданды қуат көзімен қамтиды деп жоспарланған.

Боранбай Болатбеков, Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы:

- Болашақта 4 елді мекен осы жерден күш қуат алады. «Достық», «Солтүстік саяжай», «Асар-2», қасымызда тұрған «Қайнарбұлақ». Мысалы, «Асар-2» қазір жеке меншіктен алып отыр. Ол жерде қазір енді Үкіметтен берген соң айырмашылығы әрине бағада. Үкіметтікі 16 теңге болса, жекеменшіктігі 30-дан да асады. 

Жергілікті әкімдіктің хабарлауынша, «Солтүстік саяжай», «Қайнарбұлақ», «Достық» елді мекендеріне электр энергиясы ішкі орамдық желілер құрылысы аяқталғаннан кейін беріледі.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:

- Ең бастысы, Шымкент қаласында бүгінгі күнде барлық елді мекенде электр қуаты бар. Бірақ олардың кей жерлерде сапасы жоқ. Осындай подстанциялардың болмауы себебінен. Біз 2025 жылға дейін жалпы жоспар бойынша 10 саламыз. Сол кезде өзінің әр бөлінген жерлерін елді мекендерін өзі қамтамасыз етіп отырады. 

Айта кетерлігі биыл Шымкентте электр қуатының сапасы төмен 16 елді мекенде жаңа желілер салына бастады. Соның жетеуінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Бұл сапасыз қуат көзінен қиындық көрген өңір халқының өмірін жеңілдетуге сеп болмақ. 

Ғазиза Мұхамеджанова