Алакөлге баратын жол жазға дейін жөнделеді 

Алакөлге апарар жол келесі шомылу маусымына дейін толық жөнделеді. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Ерлан Бекхожинге берген сұхбатында айтты. Бұл жайында толық бүгін «Хабар» телеарнасында сағат 22:30-да «Ерлан Бекхожинмен Национальный интерес» бағдарламасынан көре аласыздар.

Бүгін «Национальный интерес» бағдарламасының кезекті шығарылымы эфирге шығады. Сұхбат қонағы – Амандық Баталов. Облыстағы басты проблеманың бірі – жол сапасы еді. Бұған дейін «Талдықорған – Ақши» учаскесіндегі жолдың жай-күйіне туристер жиі шағымданып, Алматы облысының әкімдігін жиі сынға алатын.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

– 2001 жылы біз Алматыдан Талдықорғанға дейін 5 сағат жүретін едік. Қозғалыс қарқынды еді. Апат өте жиі болатын. Қазір «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша көп жұмыс атқарылды. Алматыдан Үшаралға дейінгі жол дайын. Үшаралдан Достық-Ақшиға дейінгі жолды жөндеу аяқталып қалды. Айына бір рет Премьер-Министр барып, жеке бақылайды.

Қазір Талдықорғаннан Балқашқа дейінгі жол салынып жатыр. Осылайша жергілікті билік өңірге туристік ағынды ұлғайтуды көздеп отыр. Сұхбат барысында Жетісулықтарды газдандыру, ауыл шаруашылығын дамыту, жұмыссыздық және бұқаралық спортты дамыту сияқты өзекті мәселелер де айтылды.

Бағдарламада Амандық Баталов волейбол ойнайтынын әрі шабуылшы болуды жақсы көретінін айтты. Кейде Олжас Сүлейменовпен бір командада ойнайды екен.

Алматы облысына қатысты өзге де өзекті тақырыптар сөз болған сұхбатты бүгін Хабар арнасынан көріңіздер.