Қыста жұт болуы мүмкін бе? Мамандар жауап берді

Арқаға алты ай қыс жетті. Биылғы жаз құрғақшылық жанға ауыр тимесе де, мал басына шығын әкелді. Жаздың өзінде көтерем болып қалған төрт түлік енді қайтпек? Сұрақ көп, жауап аз. Ал жаз осылай болса, қыс аяғы да ұзап, берекені қашыратынын ақсақалдар әлдеқашан айтып та қойған. Ақсақалдардың болжамын Қазгидрометте қоштап отыр. Енді осы алты ай қысқа дайындығымыз қай шамада? Жауапты мамандар не дейді? 

Жазды көрдік. Жылда жайлы өтетін. Бірақ биыл буып тастады. Мал біткен қызыл сирақ болып шетінен қырылып жатты. Жыл он екі ай тебіндеп жүретін жылқының өзі бұратылып қалды. Жұрт «жұт» келді деп шоршып түсті. Шаруалар тыпыршып қалды. Елден жылу жинауға кірісті. Ал жаз осылай болса, қыс аяғы да ұзап, берекені қашыратынын ақсақалдар әлдеқашан айтып та қойған.

Болат Бопайұлы, этнограф, астролог:

– Қазақтың байырғы есепшілері жазға қарап қыстың болжамын жасайды. Жазды ыстық болса, қыста суық болады. Жазда жаңбырлы болса, қыста қар қалың болады. Жазда жел көп соқса, қыста қарлы боран болады деп жорыған.

Байырғы қазақ пайымына салсақ, биыл қыстың қатты боларын болжауға болады. Тіпті, қар ерімей, жер жібімей ұзаққа дейін тұрып алуы мүмкін. Ондайда малды өрістете алмайсың.

Болат Бопайұлы, этнограф, астролог:

– Қатты суық болғанда мал жем-шөп қорада болмаса, өріске тебінге шыға алмайды. Екінші, қар қалың жауып кетуі мүмкін. Жұқа жауған күннің өзінде де қатты аяз болғаннан кейін жерге тоң жүріп, қар мұздақ болып қатып, тепсең шықпай, мал жайыла алмауы ғажап емес. Сондықтан биылғы қысқа сәл қарауға болмайды. Жалпы алғанда қорақалтқымен жем-шөпті мол дайындау керек.

Қыстың жайсыз боларын күн райын болжаушылар да айтып отыр. Жылдағыдан суық болады дейді. Әсіресе, солтүстік өңірді біраз әуре-сарсаңға салғалы тұр.

Желтоқсанда cолтүстік аймақтарда қарлы боранды күндер көп болса, оңтүстік аймақтарда тұман мен көктайғақ жиі байқалады. Қаңтар – жылдың ең суық айы, өйткені Моңғолия аймағынан антициклонының әсері күшейе түседі. Түнгі сағаттарда термометр бағаны елдің солтүстік жартысында -35-40°С-қа дейін, оңтүстігінде -22-30°С-қа дейін төмендеуі мүмкін.

Синоптиктер қара суық наурызда да болады дейді. Тіпті, сәуірге дейін ұласуы мүмкін. Ал бұл этнографтың «биылғы қыс 6 айға дейін созылуы мүмкін» деген тұспалына сай келетін сынды. Мұны ауыл шаруашылығы саласында жүргендер біле ме? Қысқы мал азығын қамдап жатыр ма?

Дәулет Ғаниев, ҚР АШМ Мал шаруашылығы салаларын дамыту стратегиясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Арнайы қор жасақталуда. Республика бойынша 24,1 млн шөп және 11,5 млн жем дайындалды. Бұл жиналған жем қыс мезгілінде малдарға жетеді деген көзқарас бар. 

Салада жүргендер қыста мал азығы тапшы болмайды деп сендірді. Шаруаларға орман алқаптарынан және арнайы резерваттардан шөп шабуға рұқсат берілген екен. 210 мың гектар аумаққа шалғы салынды дейді. Бірақ қорға жиналып жатқан жем-шөпті министрлік тегін таратпайды. Мұқтаж шаруалар келіп сатып алсын дейді.

Дәулет Ғаниев, ҚР АШМ Мал шаруашылығы салаларын дамыту стратегиясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Арнайы тариф болғанда, мысалы Маңғыстау облысы бойынша шөптің бір келісіне 74 теңгеден артық бағада сатуға тыйым салынады. Кебектің бағасы келісін 101 теңгеден артық сатуға рұқсат етілмейді.

Біз тілдескен маман әр өңірде баға әр түрлі болатынын айтты. Жем-шөпті жылдағыдан артық жинадық, сондықтан жетпеу қалуы мүмкін емес дейді. Сол себепті жұт болады дегенді теріске шығарып отыр. Қалай боларын енді тек «кәрі құданың» өзі көрсетеді.

Авторлары: Дастан Сейілхаұлы, Аян Сәрсенбаев