Петропавлдықтарды биылғы жылу ақысы қайран қалдырды

Қыстың бір әлегі – жылу ақысы. Ауыл ел отынын қамдап, пеш жағуға кіріссе, қаладағылар комуналдық төлемдерге күрсініп қарайды. Петропавлдықтарды биыл жылу ақысы қайран қалдырды. Кейінгі айларда көбейген үстіне көбейіп барады. Кейбір тұрғындарға 20 мың теңгеге дейін есептеген. Бұл не қылған шоттар, қайдан алған есеп? Жұрт осыған аң-таң.

Бұл үйдің тұрғындары былтыр әрең дегенде орталық жүйеге қосылып, «енді пеш жақпаймыз» деп қатты қуанған. Бірақ төлемдері түңілтіп тұр. Түбіртекте жылу шығыны үшін қосымша ақы қосылған.

Айкүміс Қоспанова, қала тұрғыны:

– Осы соңғы қазан айының қағазында 7 мың жылуға кеп тұр. Оны қалай түсінуге болады? Осынша коммуналдық төлемді төлеу өте қиын. Осы жанымызға батып тұрғаны осы.

Бұл жағдай оның ғана жанына батқан жоқ. Түбіртекті көріп Нелли Белоброваның да төбе шашы тік тұрды. Оған қазан айына жылу мен жарыққа 23 мың теңге шыққан.

Нелли Белоброва, қала тұрғыны:

– Әдетте 12 мың теңгеден аспайтын. Әр төлемнің түбіртегі қолымда. Ал соңғысы түсініксіз. Не деген көп шығын?

Бұл шығынды Александра Перепёлкина да түсінер емес. Ол бұл үйде 12 жыл тұрады. «Мұндай ақыны алғаш рет көріп тұрмын», – дейді әйел.

Александра Перепёлкина, қала тұрғыны:

– Мен есептегіш құралым болмағандықтан, ең жоғары тарифпен төлеймін. Ал жылу шығынын түсінсем бұйырмасын. Компанияға хабарласқанымда, бұл қызмет келісімшартта көрсетілген деді. Бірақ мен ешқандай құжатқа қол қойған емеспін.

Жалпы жылу шығыны дегеніміз не? Ол қайдан шыққан төлем? Және қалай есептеледі? Табиғи монополияларды реттеу мамандары оны былай түсіндіреді.

Вячеслав Лукиных, Табиғи монополияларды реттеу департаментінің бөлім басшысы:

– Баланстық тиесілік деген ұғым бар. Жалпы жылу желісінің бір бөлігі компанияның, ал екінші бөлігі тұтынушының атында. Екі аралық есептеу құралымен бөлінеді. Ол бойынша әркім өз жағындағы шығынды төлейді. Біз оны реттемейміз.

Мәселе осында. Реттейтін ешкім жоқ. Қарапайы тұтынушыға қайтпек керек? Мамандар жылу шығынын тәуелсіз сарапшылар ғана есептей алады дейді. Бірақ олардың тісі монополистерге бата ма?

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев Петропавл