15 қараша – Қазақстан Республикасының Ұлттық валюта күні

Бүгін ұлттық валюта күні, деп хабарлайды «Хабар 24». 1993 жылдың 15 қарашасында тәуелсіз елдің төл ақшасы шығып, кеңестік рубльдің орнын алмастырды.

Осы сәттен бастап өзіміздің ақша-несие жүйесі мен экономикалық саясат қалыптасты. Ол кезде 1 теңге 400 рубльге бағаланды. Ал бір АҚШ доллары 4 теңгеге саудаланды. Ұлттық валютаның дизайнын жасау жұмыстары 1991 жылы басталып, банкнот үлгілері 1992 жылдың тамызында бекітілген. Алғашқы теңге Ұлыбританияда басып шығарылды. Ал 1995 жылдан бастап елде банкнот шығаратын фабрика ашылды. Теңге дизайны және қауіпсіздігі жағынан әлемдегі үздік банкнот ретінде мойындалған.

Кез келген мемлекеттің даму тарихын валютасы арқылы тануға болады. Теміртаудағы өлкетану музейінде «Нумизматика аңыздары» деген тақырыпта интерактивті курс өтті.

Мектеп оқушылары әр мемлекеттің әр кезеңдегі ақшаларын қолмен ұстап, оның тарихын зерттеді. Ол үшін музей қорындағы банкноттар мен монеталарды пайдаланды. Музей мамандары соңғы 20 жыл ішінде ежелгі ақшалардан бастап, Қазақстанның барлық валютасын жинаған. Қазір мұнда 70 мемлекетке тиесілі 2 мыңнан астам жәдігер бар. Ең көнесі – 7 ғасырдағы дирхем және 18 ғасырдағы рубль. Танымдық шара еліміздің бүнігі ұлттық валюта күніне орай ұйымдастырылып отыр.

Гүлім Сыздықова, Теміртау тарихи-өлкетану музейінің бөлім жетекшісі:

– Бұл іс-шараның ерекшелігі балалар тиынды, қағаз ақшаны құр жай зат ретінде қарап көрмей, әрқайсы өз қолдарына ұстап, оның тарихымен, аңызымен танысады. Орта ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейінгі әр мемлекеттің ақшасын өз қолдарына ұстап, гурд, реверс деген бөліктері бар, солармен танысып, балалар қызықты ақпарат алады деген ойдамыз.