«Бәйтерек» холдингі өңделген өнімді экспорттаушыларға көмек береді

Биыл тоғыз айда KazakhExport сақтандыру компаниясы шет елге өңделген тауар экспорттайтын 69 кәсіпорынға қолдау көрсетті.

Көмектің жалпы сомасы 105 миллиард теңгеден асады. Осы арқылы «Бәйтерек» холдингіне кіретін ұлттық компания отандық кәтіпкерлерге қаржылық сақтандыру және қаржылық емес қолдау көрсетіп келеді.

Kazakh Export сақтандыру компаниясынан қолдау алып, ісін өрге домалатып отырған кәсіпорынның бірі – Алматыдағы кәбілдік құбыр шығаратын мына зауыт. Өндірген өнімінің 70 процентін Германия, Ұлыбритания, Франция, Украина, Нигерия және ТМД елдеріне экспорттайды. Пандемияға дейін жыл сайын 8 миллион АҚШ долларына тауар сататын. Биыл тоғыз айда 2 миллион доллардың өнімін экспорттады. Шет елдермен сауда жасауда Kazakh Export-тың көмегі көп болғанын айтады

Максим Югай, «Жоғары берік кәбілдік құбырлар зауыты» ЖШС директоры:

– Шетелдік сатып алушылармен келіссөздер кезінде кеңес беріп, құжаттарды рәсімдеуге бастан аяқ көмектесті. Бұл – өзге нарыққа енді шығып жатқан экспортерлер үшін үлкен қолдау. Кәсіпорындар көбіне тауарды жеткізу, алдын ала төлем жасау кезінде айналымдағы қаржысы жетпей қиналады. KazakhExport-тың бағдарламалары осыны оңтайландыруға арналған.

KazakhExport қоржынында шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың 17 түрлі бағыты бар. Былтыр компания 92 экспорттаушыға 134,6 миллиард теңге көлемінде қабылданған сақтандыру сомасына кепіл ретінде қолдау көрсетті.

Арман Шамшин, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры:

– Халықаралық нарықтарға шығуды көздеп отырған шикізаттық емес тауар өндіретін кез келген кәсіпорын пайдалана алады. Сонымен бірге өз бизнесіз жағымсыз тәуекелдерден қорғай алады. Биыл үкімет KazakhExport экспорттық қолдау бойынша 10 жылдың 100 млрд 200 млн теңге сомасына мемлекеттік кепілдік берді.

Айта кетейік, экспорттаушыларды қолдау «Бәйтерек» холдингіне еншілес «Қазақстан даму банкі», «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының желісі бойынша да жүзеге асырылады.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Наурыз Базаров