434.16 493.30 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ақмола облысында мектеп директоры қызметінен қуылды

  • 67
  • UPD: 15:20, 15.11.2021

Ақмола облысы Степногорск қаласындағы спорт мектебінің директоры қызметінен қуылды. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев аталған мекемеге барған сапарында осындай тапсырма берген еді.

Бүгін бұл тапсырма орындалды. Әлімжеттікке жол берген басқа да қызметкерлер жазаланады. Аймақ басшысының айтуынша, қазан айында болған оқиғаға қатысты мектеп-интернаттың тек үш қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Ал мектеп директоры бұзақыларды оқудан шығарып, мәселені жылы жауып қоя салған. Соққыға жығылған оқушылардың ата-аналары бейнежазбаны әлеуметтік желіде жариялағаннан кейін, қоғамның наразылығын тудырды. Мектеп-интернаты директоры жұмыстан кетсе, қала әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар облыстық спорт басқармасы басшысы қатаң сөгіс алды.

Айта кетейік, аталған білім ошағындағы 8-сынып оқушыларының өзінен кіші балаларды ұрып-соғып, ақша талап ету дерегі бойынша қылмыстық іс  қозғалған болатын.

Ермек Маржықпаев, облыс әкімі:

– Мемлекет бұл мектепті толық қамтамасыз етіп отыр. Мұғалімдердің жалақысы, балалардың тамағы мен киімі бәрі бюджеттен бөлінеді. Мұндай бассыздыққа жол берілуі, басшылықтың дұрыс тәрбие мен идеологияны оқушыларға сіңіре алмауынан және жұмысқа селқос қарауынан туындап отыр. Қызметтен ол жай кете салумен құтылмайды. Жағдай үшін жауап беруі қажет.

Хабар 24 телеарнасы