Ресейлік нөмірлі көлік саудасы қызып тұр

Елде ресейлік нөмірі болғанымен мемлекеттің тіркеуінде жоқ көлік көбейді. Осы мәселе төңірегіндегі алып-қашпа әңгіме, көлік жүргізушілерін әбден әбігерге салғаны рас. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының табалдырығын тоздырған темір тұлпар иелері жолда емін-еркін жүру құқығын талап еткен болатын. Бірақ көбі жағдайды түсініп, көлігін бірден сатылымға шығаруды жөн көрді. Соңғы апта ішінде осындай хабарландыру саны 15 процентке өсіп, 37 мыңнан 42 мыңға дейін артты.

Елордалық Бейбарыс Исмаилов бұл көлігін осыдан бір жыл бұрын Ресейде сатып алған. Құны елдегі бағадан әлдеқайда төмен болды, – дейді. Бірақ қазақстандық тіркеуге қоюға еш асықпаған. Өйткені кедендік ресімдеу тым қымбат. Бастапқы тіркеудің өзіне 1,5 млн теңге сұрайды деп ашынады ол.

Бейбарыс Исмаилов, көлік иесі:

– Қазірдің өзінде көлігімді отандық тіркеуге қою үшін көп қаражат керек. Менде ондай ақша жоқ. Рульге жиі отырмаймын да. Темір тұлпарымның жүруінен тұруы көп. Сондықтан бәлеге қалмауым үшін шұғыл сатуым қажет деп шештім.

Ішкі істер министрлігі ресейлік әріптестерінің деректер базасымен танысқаннан кейін көрші елдің тіркеуінен алынған көліктермен біздің елде де жүру мүмкін болмай қалды. Осындай 88 мың көліктің 5 мыңдайы елорда көшелерінде жүр. Түркістан облысында 12 мың, Ақтөбеде 10 мың, Қостанайда 8 мың, Атырауда шамамен 6 мың, Алматы облысы мен Алматы қаласын қоса алғанда 3 мыңдай көліктегі ресейлік номердің заңды күші жоқ. Осыған байланысты қалтаны қағар салықты төлемеу үшін көпшілік жаппай сатуға көшті.

Евгений Көбеков, хабарландыру сайтының шеф-редакторы:

– Екінші нарықтағы көліктердің жағдайын үнемі бақылап жүреміз. Кедендік ресімдеуден өтпеген темір тұлпар саны 15 процентке артқан. Сатылымдағы техниканың басым бөлігі – Волжский автомобиль зауытының өнімдері. Жигули, Самара, Приора, Гранта сияқты көліктер сұраныстың көш басында. Ізінше Дэу, Нэксия Матиз маркалары келеді. Бұлардың бағасы қолжетімді. Сұраныстың да жоғары болуы сондықтан.

Ресейлік тіркеуден алынған көліктер сатылымы алдағы уақытта тек жоғарылай бермек, – дейді хабарландыру сайтының мамандары. Бірақ сатып алушылар саны көп болмайтыны түсінікті. Баға одан сайын төмендеуі ықтимал. Немесе қосалқы бөлшек ретінде сатудан басқа амал қалмайды. Полиция қызметкерлерінің айыппұлы мен айыптұрағынан сақтанғандар осындай қадамға баруға мәжбүр болмақ.

Эдуард Эдоков, тәуелсіз автомобиль одағының басшысы:

– Көлікті бөлшектеп сату кезінде көп мәселе туындай қоймайды. Есігін, капотын, қозғалтқышын бөлек сатудан ұтылмайсыз. Қазіргі пандемия салдарынан туындаған логистикалық мәселелер аясында тұтынушылар көлігіне қажет қосалқы бөлшекті алысқа бармай жақыннан сатып алғысы келеді. Сондықтан бұл мүмкіндікті қолданып қалу керек.

Бірақ отандық нарықта көлікке арналған қосалқы бөлшектер көптеп жеткізілсе де, бағаның төмендеуі екіталай, – дейді сарапшылар.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Әлішер Нақыпов, Ербол Дайыров