Алматыда автобустың төбесінде отшашу ұйымдастырғандар ұсталды

Алматыда автобустың төбесінде отшашулар ұйымдастырған бұзақылар ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бостандық АПБ-ның мәліметінше, бұзақылық жасағандар анықталып, ұсталды. Олардың әрекеттері әлеуметтік желілерде таратылған.

– Олар барлығы төртеу. Әрқайсысының рөлдері тағайындалған. Біреуі қоғамдық көлік жүргізушісінің назарын аударса, екіншісі – ұялы телефон камерасына не болып жатқанын түсіріп жатқан, тағы екеуі – тікелей орындаушылар, олар қоғамдық көліктің төбесіне шығып, отшашу ұйымдастырған. Олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабы бойынша қылмыстық іс тергелуде. Сонымен қатар, бұзақылардың әрекетінде ҚР ӘҚбК-нің 436-бабында көзделген құқық бұзушылық белгілері бар, – деп хабарлады Бостандық аудандық Полиция басқармасының бастығы Думан Аухадиев.

Баяндамашы қоғамдық көлік жолаушыларына қауіп төндірген жастардың мұндай келеңсіз әрекеттерінің себебін тергеу анықтайтынын атап өтті. Айтпақшы, автобус төбесінен секіргендердің бірі басынан жарақат алды.