ШҚО-да аюды заңсыз аулаудың тағы бір фактісі анықталды

Шығыс Қазақстан облысында аюды заңсыз аулаудың тағы бір фактісі анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24» Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ағымдағы жылдың 20 қазаны мен 19 қарашасы аралығында Шығыс Қазақстан облысы аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге бағытталған «Браконьер» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде.

Ағымдағы жылдың 6 қарашасында рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері Тарханка ауылының маңында өзінің тіркелген мылтығымен аю атып өлтірген Өскемен қаласының 51 жастағы тұрғынын анықтады.

Күдікті оның етін жеке пайдалану үшін алғанын айтып, сондай-ақ болашақта сату мүмкіндігі жоспарымен аюдың табанын да тастамай өзіне алған.

– Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 337-бабы (Заңсыз аң аулау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, қазіргі уақытта келтірілген шығын сомасы анықталуда. Осы баптың санкциясымен үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, – деп мәлімдеді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

Жедел алдын алу іс-шарасы басталғаннан бері барлығы 360-тан астам рейдтік іс-шара өткізілді, онда 605 табиғат қорғау заңнамасын бұзушылық, оның ішінде 394-і аң аулау қағидаларын бұзғаны үшін анықталды. Сонымен қатар, 10 браконьер анықталып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.