Қарағанды шахтасындағы жарылыстан жарақат алған кеншілер ауруханадан шықты

Қарағанды облысының «Абай» шахтасында метан газынан уланған екі кенші бүгін ауруханадан шықты, деп хабарлайды «Хабар 24». 

58 жастағы Жеңіс Маралбаев пен 61 жастағы Элайдар Зейналов өздерін жақсы сезінеді. Денсаулықтары қалыпқа келген. Алайда оқыс оқиғадан жүрексініп қалғандықтан шахтаға қайтадан оралғылары жоқ. Зейнетке шыққанша бірер жыл басқа жерде еңбек етеміз, - деп отыр.

Еске салсақ, 7 қарашада Абай шахтасында апат болып, 6 кенші көз жұмған еді. Екі кенші ес-түссіз ауруханаға жеткізілген болатын.

Жеңіс Маралбаев, кенші:

– Жігіттерге, Әскери тау-кен құтқару бөлімшесіне рахмет. Тез келді. Бір сағаттан кешіксе, тірі қалмайтын едік. Дәрігерлерге көп рахмет. Қазір денсаулығымыз жақсы. Енді жұмысқа баруға болмайды. Бармаймын.

Сәуле Смағұлова, таксикология бөлімінің меңгерушісі:

– Жағдайлары бірқалыпты. Амбулаторлық ем қабылдайды. Қазіргі жағдайда жұмысқа шыға алмайды. Кішкене бір 2-3 аптадай өз емханаларында қаралу керек.