Елімізде балалар мен жүкті әйелдерді вакциналау басталды

Еліміздің бірнеше өңірінде америкалық препаратты жүздеген адам қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Елордада Pfizer препаратымен вакциналау бүгін басталды. Қазір қаладағы 8 емханада екпе салу пункті жұмыс істеп тұр. Алдымен 12 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер мен аяғы ауыр және бала емізетін әйелдер егілді. Босанғанына 42 күннен асқан келіншектердің де осы вакцинаны алу мүмкіндігі бар. Таңнан түске дейін 12 адам екпе салдырды. Олардың жағдайы жақсы, ешқандай шағымы жоқ деп хабарлайды медициналық мекеме өкілдері.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласына Pfizer вакцинасының 35100 дозасы жеткізілді.

Гүлфайруз Ысқақова, қала тұрғыны:

– Екі айлық балам бар. 3 қыркүйекте босандым. Мен жүктілік кезінде вакцина алғым келген. Енді айналамыздың барлығы алып жатқаннан кейін. «Pfizer» келген кезде мен де алам деп шештім. Дәрігермен ақылдастым. Балаға әсер етпесе, неге алмасқа?

Талдықорғандағы емханада да бүгін 8 жасөспірім алғашқы болып «Pfizer» вакцинасын алды. Ата-анасымен бірге келген олар арнайы тексерістен өткен соң егу кабинетіне кірді. Балалардың иммунитетін күшейтуге шаһардағы 100-ден аса тұрғыннан өтініш түсті, дейді дәрігерлер. «Phizer» вакцинасының 48600 дозасы Алматы облысының орталығына өткен аптада әкелінген. Препаратты аймақтағы 225 мыңнан аса адамға егу жоспарланған. Оның 147 мыңы кәмелет жасына толмағандар. 

Жәнібек Сұлтан, студент:

– Бұған дейін осы дертпен ауырдым. Шашым түсті, тағы басқа факторлар болған аурудан кейін. Сосын қайтадан ауырмас үшін вакцина алғым келді. Бірақ жасым он сегізге толмағаннан кейін анамның рұқсатымен бүгін Phizer вакцинасын алып отырмын.  

Гауһар Каткенова, қала тұрғыны:

–Енді балам қайтадан ауырып зардап шеккенін қаламаймын. Сондықтан вакцина алғаны дұрыс деп таптым.

Ал Қызылорда облысына Pfizer вакцинасының 23 мыңнан астам дозасы жеткізілді. Иммундық екпені алғаш болып медициналық колледждің 72 студенті қабылдады. Жылжымалы бекетке ерікті түрде келгендердің ата-аналарынан рұқсат алынған.

Жангелді Шаймбетов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Басқа студенттерге үлгі көрсетіп жатыр. Өйткені медициналық колледж студенттері оқу барысында вирусология, пульмонология дәрістері бойынша оқытудан өтеді. Соған сәйкес ол жастар вирустың не екенін біледі, вакциналаудың қандай әсері бар екенін және тиімділігімен танысты. Соған сәйкес осындай оң шешім қабылдап отыр.

Pfizer вакцинасының 41 мыңға жуық дозасы Қарағанды облысында бар. Екі компоненттен тұратын бұл препарат 20475 тұрғынға салуға жетеді.

Ербол Дүйсекенов, №3 емхананың меңгерушісі:

– Вакцина алуға науқастар өз еркімен келген. Оларға ешқандай шақырту да жасаған жоқпыз. Тек инстаграмда, басқа да желілерде вакцина салуды біздің емхана бірінші болып бастайды деген жарнама болды. Сондықтан сол адамдар өз еркімен келгендер. Ем-шараның алдында міндетті түрде ол адамды толықтай тексереміз. Оның барлық жағдайы сұралады, қандай ауруларды басынан кешкені және оның қарсы көрсетілімдері бар ма, жоқ па, соның барлығы сұралады міндетті түрде.  

Қазір Pfizer тек арнайы категориядағы азаматтарға салынады. Бірақ алдағы уақытта америкалық препарат халықтың басқа санаттарына да қолжетімді болуы мүмкін. Үкімет басшысы Асқар Мамин «Түрлі санаттағы азаматтар бұл вакцинаны алу мүмкіндігіне ие болуы үшін шешім іздейміз», – деп уәде берді.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Диас Ковланбаев