БҚО-да ұн өнімдері қымбаттай ма?

Аймақта жаз бойы аптап ыстық болып, диқандарды әбігерге салды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Сала мамандарының айтуынша, қамбаға жиналған астық көлемі жылдағымен салыстырғанда әлдеқайда аз.

Фермер Валентина Каркуланың меншігінде 10 мың гектардан астам алқап бар. Ұзақ жылдан бері өсімдік шаруашылығымен айналысып келе жетқан шаруа биыл тығырыққа тірелді. Қолайсыз ауа райы егін шығымын төмендетіп жіберген. Әр гектардан орташа есеппен небәрі 5 центнер ғана өнім жиналыпты.

Валентина Каркула, шаруа қожалығының басшысы:

– Бұл жыл диқандар үшін қиын болды. Келесі жылы да жағдай осындай болса, жұмысты тоқтататын шығармын. Күздік дақылды 360 гектар алқапқа ғана егіп қойдым. Өйткені өнім азайып, шығын мөлшері ұлғайып барады.

Биыл облыста 235 мың гектар алқапқа дәнді-дақыл себілген еді. Гектарынан 7,2 центнер ғана өнім алынды. Былтырғымен салыстырғанда екі еседей азайғаны байқалады. Қамбаға түскен бидай көлемі бар-жоғы 170 мың тонна.

Жауапты маманның айтуынша, қуаңшылыққа қарамастан ішкі нарықты қамтуға ұн жеткілікті көрінеді. Ал экспортқа шығару қиынға соққалы тұр.

Қуанышқали Есімов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Былтыр 270 мың тонна болды. Биыл ондай емес, орташа деп есептейміз. Толық қамти аламыз және тұқым шаруашылығын бәрін қамти аламыз. Ұн ретінде біздің өңірден көбінесе оңтүстік өңірлерге кетеді. Екінші бағыты – Өзбекстан, Ауғанстан, Египетке шығады, Иранға шығады. Енді былтырғыдай емес, бір бөлігі шығатын болар. Оны нақты айта алмаймын.

Ал бағаны өзгеріссіз ұстап қалу мүмкін емес сыңайлы. Өйткені нан өнімдері комбинаттары көрші облыстарға ұнды қымбатқа сата бастады.

Амангелді Саламат, Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы

– Қаладағы наубайханалар нан бағасын көтерді 5-10 теңге аралығында. Себебі ұн бағасының қымбат келуіне байланысты. Осыған дейін Орал қаласындағы Желаев ұн комбинатынан алып отырған бір келі ұн 155 теңге болса, қазір 165 теңгеге көтерілді.

Диқандардың көңілі күпті. Астық тұқымдас дәнді-дақылдарды тамшылатып суару тиімсіз. Алдағы жылы да жауын-шашын болмаса, төккен тер тағы зая кетуі мүмкін.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов