Қарағанды тұрғындары күл төгетін полигон құрылысына қарсы

Күлден ұшатын шаң-тозаңға тұншығамыз деген қарағандылықтар дабыл қағуда, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Полигон аумағы 400 гектар. Шаһарды жылу және жарықпен қамтып отырған станция өкілдері қалдық ауаға көтерілмейді деп отыр. Қарағандының іргесіндегі әйгілі 3 ЖЭС қуаты бойынша Қазақстанда алғашқы бестікке енеді. 1992 жылдан бері төгіліп келген бұрынғы орын алдағы 4 жылда толады. Сондықтан онда рекультивация, яғни қалыпқа келтіру жұмыстары басталған. Ал жаңадан салынып жатқан мына орын тұрғындардың наразылығын тудырып отыр.

Дәурен Арынов, қала тұрғыны:

– Қазірдің өзінде талап сақталмайтынын көрдік. Бір жылдан бері кең тыныс алып, демалатын мүмкіндік болмады. Біз конституциялық құқығымызды пайдаланып Үкімет басшысына да, керек болса, Президентке де шағымданамыз. Себебі мұндағы әңгіме бірінші кезекте біздің және балаларымыздың денсаулығына қатысты. Осы аудандағы 140 отбасының өкілдері қарсы екендерін білдіріп, қол қойып берді.

Бұл жерде бұрын қоқыс полигоны болған. Станция өкілдері оны жойып, қазір мұндағы екі бірдей шағын өзеннің арнасын талапқа сай бұрыпты. Экологтар болса, күл төгу орны жұмысын бастаған соң тұрғындарға қолайсыздық тудырмайтынына сенімді.

Дархан Есжанов, облыстық экология департаменті басшысының орынбасары:

– Салынып жатқан золоотвал елдімекеннен 600 метр қашықтықта орналасқан. Бұл санитарлық қорғау жағынан алғанда 3 санатқа қарайды. Кем дегенде 300 метр болуы керек. Құрылыс кезінде қоршаған ортаға зиян келіп, шаң шығады ғой былай қарағанда, сол қолайсыздық туғызуы мүмкін халыққа. Дегенмен іске қосылғанда халықтың жағдайын қиындатуға тиісті емес. Өйткені оның бәрі сумен жайылады. Шаңның бәрі басылады.

Бірінші және үшінші ЖЭС жылына кемі 1,5 млн тоннаға жуық күл қалдықтарын шығарады. Онда қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы техникалар жүргендіктен қоқыс-қалдықтары шаң-тозаң болып халықтың мазасын қашырғаны рас. Жақында бұл жұмыстар аяқталатын көрінеді. Ал неге дәл осы орын таңдалды дегенге серіктестік өкілдерінің пікірі мынадай.

Рүстем Байжанов, «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС атқарушы директоры:

– Күл-қалдықтарын шығару орыны  -  ЖЭС-ның бір бөлшегі. Онсыз станция да жұмыс істей алмайды. Күл шығару орнын таңдаған кезде біз ең қолайсыз, басқа дүниеге жарамайтын жерді аламыз. Бұл жер дәл сондай, бұрынғы қоқыс полигоны мен балшықты орын болды. Мұның барлығы жобада қарастылып барып, шешім қабылданған.

Күл төгу орыны мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен. Енді алдағы 4 жылда пайдаға берілуі тиіс. Жылу мен электр қуатын өндірушілер жаңа жобада күл қалдығын «дымқыл» ету жобасы қарастырылған. Ал дымқыл күл қалдығы ауаға көтеріліп, тұрғындарға қолайсыздық тудырмайды дейді.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев