Қостанайдағы «Қара бүркіт» түрмесінде тігін цехы ашылды

Өмір бойы бас бостандығынан айырылғандар темір тордың әр жағында еңбек етіп, жәбірленушіге келтірген зиянды өтей алады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Мұндай тәжірибе елдегі ең қатаң режимді «Қара бүркіт» түрмесінде енгізілді. Мұнда аса ауыр қылмыспен отырғандарға арнайы тігін цехы ашылды.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

– Жітіқара қаласынан 35 шақырым жерде орналасқан «Қара бүркіт» түрмесінде қазір 360 қылмыскер жазасын өтеп жатыр. Түрменің іші-сыртында бақылау мен күзет күшейтілген. Тікенекті қоршаулар электр сымдарымен жалғасатындақтан бірден дабыл беріледі. Яғни бұл жерден қашу мүмкін емес.

Бұл 161/3 түзеу мекемесінде ашылған алғашқы «жұмыс камерасы». Қысқа уақытта тігін цехына бейімделді. Қазір мұнда 11 сотталушы тігіншілікті меңгеріп жатыр.

Нұрбек Әбдікәрімов, 161/3 түзеу мекемесінің бастығы:

– Өмірбақи сотталғандарды 25 жылдан кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігі бар. Кімге жақын қалды, мысалы 5-10 жыл сол адамдарды баулып жатырмыз. Енді басқа да сотталушылар қызығушылық танытады. Дегенмен орын шектеулі болғаннан кейін бірінші санатта осы кісілерді орналастырып жатырмыз.

Максим Хатмуллин түрмеге 22 жыл бұрын түскен. Бірнеше адамды өлтіргені үшін өмір бойы бас бастандығынан айырылған.Оның темір тордың ар жағындағы ермегі - кітап оқып, тіл үйрену. Енді еңбекке ден қоятын уақыт келді.

Максим Хатмуллин, жазасын өтеуші:

– Еңбек етіп, ақша табуға болады деген жаңалықты ерекше ықыласпен қабылдадым. Осы уақытқа дейін бізді мемлекет асырап келді. Енді бізге кеткен қаражатты өзіміз өтейтін мүмкіндік беріліп отыр. Уақытты босқа жоғалтпай, белгілі бір маман иесі атану ешқашан кеш емес.

Осы өнерді бес саусағындай білетін тігін шеберлерін түрмеге әкелу қауіпті. Сондықтан сотталушылар өздігінен үйренуге мәжбүр. Ал Сергей Пахтусов үшін бұл сала таңсық емес. Бостандықта жүргенде шағын ательені басқарыпты.

Сергей Пахтусов, жазасын өтеуші:

– Маған ұжымда еңбек еткен ұнайды. Біреуді үйретуден жалықпаймын. Ең бастысы жәбірленушіге келтірген зиянды өтей аламыз. Әрине біздің тарапымыздан бұл теңізге тамған тамшыдай болар.

Әзірге жұмыс камерасында бес тігін машинасы бар. Алдағы уақытта тағы осындай бес қондырғы қойылады. Осылайша жұмыспен қамтылатын жазасын өтеушілер саны екі есе артады. Бір сөзбен айтсақ, сотталушылар өз-өздерін киіммен қамтып жатыр. Мынау олардың қолынан шыққан дайын өнімдер. Бұның арасында қолғап, шалбар және осындай күртеше бар.

Сотталушылар еңбек кодексі бойынша жұмыс істейді. Екі ауысымда сегіз сағат бойы тігін машинасының алдында отырады. Жыл сайынғы еңбек демалысы да бар. Айлық жалақылары шамамен 40-50 мың теңге.

Нұрбек Әбдікәрімов, ук 161/3 түзеу мекемесінің бастығы:

– Мекемеге келгеннен кейін бұларға депозиттік шот ашылады. Соған сотталушылардың жалақылары түсіп отырады. Сол жалақылардан атқару парағы үшін бухгалтерия ұстап отырады 30-40 процентке дейін.

Кез келгені тігін машинасының алдына отыра бермейді. Әрбір сотталушы қатаң іріктеуден өтеді.

Светлана Щербакова, психолог:

Психологиялық тұрғыдан іріктейміз. Эмоционалдық тұрғыда сабырлы әрі тұрақты болуы міндет. Бұл - басты талап. Сонымен қатар олардың бұған дейін немен айналысқандарын ескердік.

Сотталушылардың қолынан шыққан өнімдер облыстағы түзеу мекемелерін арнайы киіммен қамтуға жетеді. Болашақта өндіріс қуатын төрт есе арттыру жоспары бар.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров