Ақтауда қырқынан шықпаған балаға күрделі операция жасалды

Ақтаулық дәрігерлер қырқынан шықпаған нәрестеге операция жасады. Сәби 21 қазанда орталық балалар ауруханасына нашар халде түскен.

Қан айналымы бұзылып, І-дәрежедегі комада болған. Дәрігерлер бас сүйекті тесіп, мидағы ұйыған қанды алып тастады. Бұдан соң сәби оңалту курсынан өтіп, 13 қарашада үйіне оралды. Емдік шараны балалар дәрігерлері Ербол Кенжевалов пен Насуқан Отарғазиев және анестезиолог Мереке Бекбаев жасаған.

Ербол Кенжевалов, балалар нейрохирургы:

- Ауырғанына 18 сағаттан кейін барып бізге түсті. Емшек емгісі келмей, құсып, түнімен ұйықтамай, күнұзақ мазасыз болған. Операцияға бала 4 сағат дайындалды. Қан құйылды. 1 жарым сағат гематоманы алдық. 5 күн дегенде аппараттан шығарылды. Қазір жағдайы қанағаттанарлық. Баланың өміріне қауіпті ештеңе жоқ.