Елде медициналық құрал-жабдықтың қыр-сырын білетін медицина маманы тапшы  – Тоқаев

Елде 4 мыңға жуық медицина маманы жетіспейді. Әсіресе елді мекендерде білікті дәрігерлер аз. Себебі аймақтарда оларға қажетті жағдай жасалмаған. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 6-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Президент өңір әкімдеріне бұл мәселені қолға алып, ақ халаттылардың әлеуметтік жағдайын жасауды тапсырды. Сондай-ақ жыл сайын 1 мыңнан астам адам шетел асып кететінін айтты. Ал оқуын шетелде бітіргендер өз елінде білім алуды жалғастыра алмай, клиникалық тәжірибеден өте алмайды. Мәселен, АҚШ пен Ұлыбритания сынды мемлекеттерден оқып келгендер осында өз мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмайтын деректер де бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің белді оқу орындарында білім алған мамандарға еш кедергі болмау керектігін алға тартып, олардың дәрігер болып істеуі үшін нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгеріс енгізуді тапсырды. Сонымен қатар медициналық құрал-жабдықтың қыр-сырын білетін кадр даярлау мәселесін қолға алып, оған техника шығаратын компанияларды жұмылдыру керек, – деді Президент. Нәтижесінде бюджет шығыны азайып, техника бұзылып босқа тұрмайды.