Жиырма мыңнан аса ҮЕҰ өкілі азаматтық форумға қатысады   

Елде 22-26 қараша аралығында X-шы Азаматтық форум өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Мерейтойлық іс-шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар және сарапшылар қоғамдастығы мен бұқаралық ақпарат құралдарынан 20 мыңнан астам өкіл қатысады.

Сонымен қатар Алматыда оффлайн өтетін шараларға 150 делегат қатысады. Бұл форум аясында 30-дан астам пікірталас алаңдары, сараптамалық талқылаулар, фасилитациялық және панельдік сессиялар ұйымдастырылмақ. Мұнда демократиялық процестерді дамыту қоғамның, мемлекет пен бизнестің негізгі міндеттеріне қол жеткізу сынды тақырыптар кеңінен талқыланады. Әдеттегідей форум әлеуметтік желілерге таратылып, кез келген адам ресми сайтта қатысуға өтінім қалдыра алады.

Бану Нұрғазиева, Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті:

– Азаматтық форумның мазмұнды бағдарламасы барлық қатысушыларға мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ бірлескен кооперациясының жүйелі мәселелері мен шешімдері туралы айтуға мүмкіндік береді. Яғни азаматтар мазалаған барлық сауалдарына жауап ала алады. 400 сұрақты үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтар жолдады. Форум – Азаматтық қоғамның, билік пен бизнестің мүдделерін халықаралық үкіметтік емес сектормен байланыстыратын ең ірі сұхбат алаңы.