Бестөбе жыры: алаң да болады, мектеп те салынады   

Ақмола облысының Бестөбе кентіндегі стадионның бір бөлігі сол қалпында қалатын болды. Бұл туралы Степногорск қаласының әкімі Алпысбай Қайыржанов мәлімдеді.

Айтуынша, бұл халықтың наразылығын ескере отырып жасалған шешім. Жаздың соңында аталған елді мекендегі стадионның орнына мектеп салынатынын білген көпшілік наразылық білдірген еді. Мұны арнамызда айтқан едік. Осыдан кейін ғана сең қозғалды. Жергілікті билік білім ошағы құрылысының жобасына түзетулер енгізіп, спорт алаңына арнайы жер бөлді.

Жалпы Бестөбе кентінде 7 мыңға жуық халық тұрады. Аталған стадион ондағы жалғыз спорт нысаны. Оны «қараусыз жатыр» деген желеумен әкімдік ол жерде 300 орындық мектеп салуды бастаған еді.

Алпысбай Қайыржанов, Степногорск қаласының әкімі:

– Қазір тұрғындар ертең мектеп құрылысы бітсе, біз олардың аумағына кіре алмай қаламыз деп уайымдап отыр. Біз ол мәселені де ескереміз. Себебі бұл – ауыл халқы үшін арнайы салынған алаң. Ол қазір дайын тұр. Білім ошағының құрылысы жүріп жатқан кезде де онда барып ойнауға мүмкіндік беріледі. Ал келешекте ауылдан үлкен дене шынықтыру кешені бой көтереді. Бүгінде оның құжаттары әзірленіп жатыр. Бұйыртса келесі жылы бюджеттің қарауына ұсынамыз.