Қостанайлық шаруалар қарызға батты   

Қостанай облысында шаруалар қарызға батты. Көктемде қаржы алған диқандар оның есебін күзде қайтаруы тиіс еді. Олардың берешегі бір жарым миллиард теңгеден асқан. Міндеттемелерін орындай алмаған фермерлердің айтар уәжі қандай? Қарызды қайтару мерзімі ұзартыла ма? Қамбасы бос қалған шаруаның жайы не болмақ?   

Шаруа қожалығынның басшысы Ғани Халитов егін егу науқанына қаражатты келісімшарт корпорациясы арқылы алған. Күзде 9 млн теңгені астықпен өтеуі тиіс еді. Форвардтық сатып алу негізінде бидай көлемі 200 тонна деп белгіленген. Бірақ биыл диқан қолын жайып отыр. Қамбасы бос.

Ғани Халитов, шаруа қожалығының басшысы:

– Екі жарым ай бойы жаңбыр болған жоқ. Мың гектардай алқап күйіп кетті. Мол шығынға баттық. Бұдан бөлек тыңайтқыштарға алған несиелер бар. Оны да биылдан қалдырмай қайтару керек.

Денисов ауданында осындай қиындықтарға үш шаруа қожалығы тап болды. Олар гектардан бір жарым центнерге жетпес өнім жинаған.

Смағұл Досмұхамедов, Денисов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Олардың келісім бойынша қарызды өтеуі екіталай. Жағдайлары жоқ. Сол себепті түсіністікпен қарап, жеңілдіктер болады деген үміт бар.

Қазір аймақтағы 40 тауар өндіруші несиелерін өтей алмай әлек. Жалпы берешек 1,5 млрд теңгеден асады.

Мирас Төрежанов, «азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҚОФ директоры:

– 115 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 9,9 млрд-қа ақша бөлінді. Келісім бойынша 193 мың тонна өнім тапсыруы келісімі бар. Оның ішінде бидай, арпа, сұлы, гречиха, рапс, лен. Былтырғы жылға қарағанда арпа мен бидай болған. 142 мың тонна тапсырылды. 73,5 проценті.

Егіс алқаптары құрғақшылықтан зардап шеккендердің несие мерзімін ұзартуды өзге қаржы институттары қолдап отыр. Келісім-шарт корпорациясы фермерлерге желтоқсанның ортасына дейін уақыт беруге келісті. Ал қарызды кешіктірсе, өсімпұл салынады.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров