Жылқысын жолға жайғандар жауапқа тартылады

Жеңіл көлік жылқы қағып, жолаушы ауыр жағдайда ауруханаға түсті. Елорда іргесіндегі жол-көлік оқиғасынан екі адам зардап шекті, деп хабарлайды «Хабар 24». 

9 қарашада кешкі алты шамасында жеңіл көлік жылқымен соқтығысқан. Қазір көліктегі жолаушы ауыр халде жатыр. Ал жүргізушінің қол аяғы сынған. 

Гүлнұр Бибалаева, қала тұрғыны:

– Балам кешкі алты жарымда осы жерден өтіп бара жатқанында алдынан 3 жылқы жүгіріп шыққан. Көлікті аударып тастаған. Баламыз комада жатыр. Екінші баланың қолы сынған. Бұл жер құжат бойынша қалаға жатады. Мал ұстауға болмайтын жерлер ғой.

Қалада тұратын жылқы иесіне бірнеше рет ескерту жасалған. Бірақ елейтін түрі жоқ - дейді тұрғындар.

Осы жол-көлік оқиғасынан кейін де жылқысын жолға жаюды доғармаған.

Арман Айтмағамбетов, қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы:

– Жол апатына себеп болған жылқылардың иесін бірнеше рет жауапқа тартқанбыз. Бұл үшінші рет болып отырған жағдай. Қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ мал иесі заңды бұзып отыр. Себебі қалада мал жаюға тыйым салынады.

Қала ішінде мал жайғандар әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл төлеумен шектеледі. Бұл мыңғырған мал ұстағандарға еш әсер етпейді дейді,- жұрт.

Марат Төлебеков, қала тұрғыны:

– Осы жолға жарық қойып, жаяу жүргіншілер жүретін жолақ салса, біраз апаттың алдын алуға болар еді деп ойлаймын. Мал бағатын адамдарға әліміз келмейді екен, басқа амалын табу керек. Камера қойса да болар еді. Себебі көліктер жүйткіп жүреді, шара қолдану керек.

Әкімдік апат болған соң қозғала бастағанға ұқсайды. Арнайы жоба арқылы жарық қоямыз, жүйткіген жүгенсіз жүргізушіні қадағалаймыз деді.

Мадияр Тұқпатов, Алматы ауданы әкімінің бас инспекторы:

– Бұл трассада жарық орнатылмағаны рас. Қазір автокөлік жолдары басқармасымен жұмыс істеп жатырмыз. Ол жерге жол белгілері мен жарық қойылады. 

Апатқа себеп болған жағдай көп. Қараусыз жылқы мен жолда жарықтың жоқтығы да адам өміріне қауіп төндіреді. Қалаға тиіп тұрған елді мекендерде тәртіп орнап, жолдың жайы реттелсе дейді тұрғындар.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Ержан Рахманбердиев, Диас Қобланбаев