Оқушыларды мәжбүрлі түрде вакциналау туралы әкімдік тапсырма берген. Тексеру жүріп жатыр

Шығыс Қазақстанда балаларды вакциналау барысында шу шықты.

Көкпекті аудандық білім бөлімінің басшысы мектеп директорларына оқушылардың екпесін белсенді өткізуге тапсырма беріп, аудиожазба таратқан. Онда тіпті вакцинаның бір құтысы ашылған соң, оны қайтсе де толық салып бітіру керек екені ескертіледі.

«Мысалы Қараөткел ауылында бес балаға вакцина салу жоспарланса, қарсы болғанына қарамастан екпе сол оқушылардың барлығына да салынады» делінген, жазбада.

Вакциналау көрсеткіші нашар мектеп басшылары аудандық әкімдікке шақыртылатыны, мұғалімдердің жексенбі күні жұмыс істейтіні айтылған. Әлеуметтік желіге тарап кеткен аудиожазба көптің ызасын келтірді. Салалық мамандар балаларды егу тек ата-аналардың келісімі арқылы жүргізілетінін айтады.

Қазір қызметтік тексеріс басталды. Білім бөлімінің басшысы жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бір анығы оны бұндай хабарлама таратуға аудан әкімінің орынбасары мәжбүрлеген.

Зейнеп Мақсұтова, ШҚО Білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы:

– Бұл жазбаны расында бөлім басшысы таратқан. Ол кісімен хабарластық, түсініктемесін берді. Ол кісі әкімдіктің, нақты айтқанда әкім орынбасарының тапсырмасын орындаған. Қызметтік тексеріс жүріп жатыр, нәтиже айтылады, хабарын береміз.