Түркістан облысында қараусыз қалған малдың кесірінен 11 адам ажал құшқан

Қазір төрт түліктің себебінен көлік апаты жиіледі. Мәселен, Түркістан облысында жыл басынан бері мал қағып, соның салдарынан жол көлік оқиғалары көбейген. 

– Үй жануарларына жолда орын жоқ. Біз Түлкібас ауданының полиция бөлімі жол қауіпсіздігі қызметін атқарып жүрген әріптестерімізді жол бойында жайылып жүрген малдарды жолдың шетіне шығаруға шақырып, челлендж жолдаймыз. Біз мал иелеріне тек айыппұл салумен шектелмей, мал иелерін малдарына қарап, жолға шығармауға үйретуіміз қажет.

Полиция қызметкерлерінің бұл бастамасын қарапайым жүргізушілер де қолдап, үн қосуда. Әсіресе, жолаушылардың амандығы үшін күре жолдың бойында орналасқан елді мекен тұрғындары төрт түлікке ие болып, қараусыз жібермесе деген тілектерін жеткізіп жатыр.

– Ауыл тұрғындары, мына малдарыңызға абай болыңыздар. Осының кесірінен жол апаты болып, адамдар өліп кетіп жатыр. Полиция қызметкерлері челлендж жасап жатыр екен, соған бәріміз атсалысайық! Малдарыңызға абай болыңыздар!

Мәселен өткен жылдың он айында осындай қараусыз жүрген төрт түліктің қатысуымен 8 жол көлік оқиғасы болып, 2 адам қаза тауыпты.

Ал биылғы жылдың дәл осы кезеңінде 17 жол апаты орын алып, 11 адам ажал құшқан. Жыл басынан бері ветеринария саласындағы заңнамасын бұзған 1338 мал иесіне айыппұл салынып, шара көрілген.

Жасұлан Нысанбаев, ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары:

– Сондай-ақ жол апаты мен мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу мақсатында ҚР ӘҚБТК 408 бабы бойынша 9351 қараусыз жүрген мал иегелеріне әкімшілік хаттамалар толтырылды. Бүгінгі таңда қараусыз жүрген малдар көшеге шығып кетіп, жол апаттарына себеп болып жатыр. Сол себепті ПД челлендж басталып, осы бағытта жол апатын болдыомау мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр.

Сонымен қатар полицейлер күндіз-түні кезекшілікке шығып, жол жиегіне шығып кеткен мал иесін анықтап, заң аясындағы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Алайда мамандар қараусыз жүрген малдың кесірінен қаншама жазықсыз жандардың шапа шегіп, ажал құшатынын тұрғындар терең түсінсе дейді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Еролат Әбіш, Самат Нағашбекұлы