Алматы-Констанца бағытында тікелей рейс ашылады

Алматыдан Румынияның Констанца қаласына тікелей рейс ашу жоспарланып отыр,  деп хабарлайды «Хабар 24». Бұл екі мемлекет арасындағы туристер санын арттыруға септігін тигізеді. Келесі жылдың наурызынан бастап румындар Алматыға саяхаттап, еліміздің әсем табиғатын тамашалай алады.

Румын елінің туристік қауымдастық президенті Корина Мартин Алматыға алғаш рет келіпті. Ол Қазақстанмен танысу үшін қалалық туристік ақпараттық орталығының шақыртуымен келген. Қонақтардың арасында румындық журналистер де бар.

Олар Алматының табиғатын көрсетіп, күн сайын мақалалар жариялайды. Шетелдіктер бір аптаның ішінде Алматы қаласы мен облысының көрікті жерлерін аралап шыққан.

Корина Мартин, Румыния туристік қауымдастығының президенті:

– Туристік бағдарлама керемет болды. Біз Ой-Қарағай, Шымбұлақта болып, Шарын шатқалын да көрдік. Бізді қазақ ұлтының тарихымен, дәстүрімен таныстырды. Мұндай шараны ұйымдастырушыларға көп рахмет. Біз енді Қазақстанның барлық аймақтары туралы румын елінде айтып жүреміз.

Ақпараттық тур шетелдік туристердің санын арттыру үшін жасалған.

Айта кетейік, отандық туризм саласының мамандары екі ай бұрын румын елінде болып қайтқан. Олар Қара теңіз жағалауында болып, әлемдегі ең ұзын өзеннің бірі Дунайды көрген. Оған қоса аңызға толы ескі сарайлармен танысыпты.

Қазір Алматы-Констанца бағытында 6 сағаттық тікелей рейс ашу мәселесі талқыланып жатыр. Жоспар бойынша алғашқы ұшақ алдағы жылдың наурызында ұшады.

Аслан Қоңырханов, Алматы туристік ақпараттық орталығы директорының орынбасары:

– Журналистер мен блогерлерді шақыру, ірі туроператорларды шақыру – бұл маркетингтік ең ірі, маңызды инструменттердің бірі. Бұны жасаудағы мақсат – еліміздің туризм саласын дамыту. Жалпы, Қазақстанға мықты инвесторларды тарту.

Айта кетейік, 2019 жылы Алматы қаласына миллионнан аса турист келген. Бірақ пандемия бұл салаға кері әсерін тигізді. Ендігі мақсат – шетелдік саяхатшылардың санын қайта көбейту. Жергілікті билік Катардан туристердің келуіне жағдай жасамақшы. Осыған орай 19 қараша күні Алматы мен Доха арасында тұрақты ұшақ қатынасын ашуды жоспарланып отыр.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев