Қ.Тоқаев шекарадағы аймақтардың тағдыры не болатынын айтты

Елде 4 мыңға жуық медицина қызметкері жетіспейді. Әсіресе, шалғайдағы елді мекендерде маман жоқтың қасы. Себебі қажетті жағдай жасалмаған. Ал білікті кадрлар шетелге кетіп жатыр. Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Президент осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына да тоқталып, бір сыныптағы оқушы саны 25-тен аспау керектігін айтты. Ол үшін 2025 жылға дейін елімізде мың мектеп салынады. Президент шекаралық аймақтар мен қандастар мәселесін де қатар атады. Енді Ұлы Көшке арналған тарихи дата пайда болып, арнайы күн белгіленеді.

Президент көтерген келесі мәселе – мектептер мен колледж һәм жоғары оқу орындарындағы қауіпсіздік. Өзге елдерде білім ордаларына жасалған шабуылдар ұмытыла қойған жоқ. Сондықтан Президент «Білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік жүйесінде бірыңғай талап болуы қажет. Бәріне ортақ ереже әзірлеу керек» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазір оқу орындары күзет агенттігімен бір жылға келісімшартқа отырады. Әдетте оны жылдың басында жасайды. Бұл оқу жылының ортасы деген сөз. Мұндай келісімшарттарды ұзағырақ уақытқа, мысалы 3 жылға жасаған тиімді болар еді. Бұған рұқсат беру үшін заңнамаға өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ оқушыларға, мұғалімдер мен ата-аналарға төтенше жағдай кезінде не істеу қажеттігін үйреткен жөн.

ЕЛДЕ МЫҢ МЕКТЕП САЛЫНАДЫ

Мектептегі орын тапшылығы өте өзекті. Мемлекет басшысы биылғы  Жолдауында 2025 жылдың соңына дейін мың мектеп салуды міндеттеген еді. Алайда қазір мектеп салу үшін жер телімін алу оңай емес. Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге барлық мектепке жер телімін алдын ала бөлуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Елді мекеннің жоспарын жасап, тұрғын үй салған кезде әлеуметтік нысан болу қажеттігі ескерілуге тиіс. Бұл – заңнамада көрсетілген талап. Бірақ жергілікті атқарушы органдар белгіленген талапты орындай бермейді. Тағы да қайталап айтамын, тұрғын үй алаптары бой көтерген кезде онымен бірге міндетті түрде мектеп пен балабақша салынуы керек. Үкіметке заңның сақталуын қатаң бақылауды тапсырамын.

Және бір тапсырма 1-сыныптағы балалардың саны 25-тен аспауы керек. Осы стандарт сақталуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сонымен қатар мектептердің үлгілік жобасын әзірлеуді тапсырамын. Мектептің жалпы көлемі мен дизайны орын санына байланысты анықталуға тиіс. Мектеп 2,5 мың балаға арналса, соған орай инфрақұрылым да болуы керек. Онда спорт залы, асхана, зертхана және оқу кабинеттері болуға тиіс. Жаңа мектеп салуға бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалуына, талан-таражға түсуіне жол бермеу қажет.

ОҚУ АҚЫСЫН СТУДЕНТТЕРДІҢ ӨЗІ ТӨЛЕЙТІН БОЛАДЫ

Енді студент оқу ақысын өзі төлейді. Қаржы тікелей грант иесіне беріледі. Жалпы біздің елде бір студентті оқыту құны – шамамен 4 млн теңге. Грант саны жыл сайын ұлғайып келеді. Енді қаржыландыру тәсілі де өзгермек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қаржы тікелей грант иесіне берілуге тиіс. Яғни, студент оқу ақысын өзі төлеуі керек. Бұл қаражат студенттің арнаулы есепшотына түседі деген сөз. Оны тек оқу ақысын төлеуге жұмсау керек. Бұл тәсіл жоғары және жоғары оқуынан кейінгі білім алу саласында бәсекелестікті арттырады.

ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫ ЖЕКЕ АДАМДАР ИЕЛЕНІП ЖАТЫР

Балалардың бос уақытын пайдалы өткізуді ойластыру керек. «Қосымша білім алуға барынша жағдай жасалуға тиіс» дейміз. Алайда...

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Алайда мемлекеттік әлеуметтік нысандарды жеке адамдар иеленіп жатыр. Әсіресе, Оқушылар сарайы мен музыка мектептеріне, балабақшаларға көз тігушілер көп. Сондай бір оқиға жуырда Алматыда болды. Бұған мүлдем жол бермеуіміз керек. Үкіметке мемлекеттік әлеуметтік нысандарды жекеменшікке беруге заң жүзінде шектеу қоюды тапсырамын.

ДӘРІГЕР ТАПШЫЛЫҒЫ ҚАШАН ШЕШІЛЕДІ 

Келесі мәселе медицина. Елде білікті дәрігерлер тапшы. 4 мыңға жуық қызметкер жетіспейді. Әсіресе, аудан, ауылдарда мамандар жоқтың қасы. Өйткені, қажетті жағдай жасалмаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Кадр тапшылығының тағы бір себебі – мамандардың шетелге кетуі. Жыл сайын жоғары медициналық білімі бар мыңнан астам азамат өзге елге қоныс аударуда. Ал шетелде оқыған өз маманымыз оқуын Қазақстанда жалғастырамын десе алдынан түрлі кедергі шығады. Олар клиникалық тәжірибеден өткісі келсе де қиындыққа тап болады. Ұлыбритания мен АҚШ-тың әйгілі жоғары оқу орындарында білім алған жастарымыз аз емес. Солардың бірқатары елге оралған соң мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмағаны туралы мәліметтер де бар. Бұл - дұрыс емес. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің белді оқу орындарында медициналық білім алған азаматтарымызға еш кедергі болмауы керек. Олардың дәрігер болып жұмыс істеуіне рұқсат беру үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу қажет.

ҚАҒАЗБАСТЫЛЫҚ ТЫЙЫЛМАЙ ТҰР

Қазір цифрлық жүйенің дәуірлеп тұрған шағы. Алайда бізде әлі де қағазбастылық басым. Электронды үкімет базасында атаулы әлеуметтік көмек немесе көпбалалы анаға төленетін жәрдемақы туралы мәлімет болса да әкімдіктер мен білім беру мекемелері азаматтардан мөр басылған қағазды талап етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Биыл ХҚКО-лар осындай 2 миллионнан астам құжат берген. «Қазіргі цифрландыру дәуірінде мұның еш қажеті жоқ. Қарапайым мәселені мемлекеттік органдар өздері қиындатып отыр. Электронды үкіметтің базасына әкімдіктер, Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйелерін қосу керек. Мұндай ескі тәсілдерден арылу қажет.

Ләззат Қожахметова, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Қағазбастылыққа салып отыр және халықты әрі-бері сабылтып отыр. Электронды базада тұр ма, соны алып, көре салу керек. Яғни, министрліктердің өзінің ішінде, мекемелердің арасында интеграция жоқ, бірінің базаларын бірі көре алмайды. Мемлекеттен берілетін тегін қызметті ақша табу көзіне айналдырып отыр. Бұл да министрлікке қарасты дүниелер ғой.

ҚАШЫҚТАН ЖӘНЕ ҚЫСҚАРТЫЛҒАН УАҚЫТПЕН КІМДЕР ЖҰМЫС ІСТЕЙ АЛАДЫ?

Алдағы уақытта жалғызбасты ата-аналар қашықтан және қысқартылған уақытпен жұмыс істей алады. Заңға өзгеріс енгізіледі. Шетелдігідей бізде де жұмыс орындарында балаларға арналған бөлмелер болады. Хош.

ШЕКАРАДАҒЫ АЙМАҚТАР ДАМЫТЫЛАДЫ

Бүгінгі кеңес барысында Президент тағы бір аса өзекті мәселеге тоқталды. «Шекарадағы аймақтар босап жатыр» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Соңғы кезде шекара бойындағы елді мекендерде халық саны азайып бара жатқаны жасырын емес. Мұның өзіндік себептері бар. Бірақ, шекара маңын бос қалдыруға болмайды. Бұл ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар мәселе. Оны жүйелі түрде шешу қажет. Қомақты қаражат керек болады. Үкіметке мұны жан-жақты қарастырып, шекаралас аймақтарды дамыту жөніндегі ұсыныс енгізуді тапсырамын.

ҰЛЫ КӨШКЕ АРНАЙЫ КҮН БЕЛГІЛЕНЕДІ

Қасым-Жомарт Тоқаев осы шекара мен қандастар мәселесін қатар атады. Тәуелсіздік алғалы Отанына 1500 млн-нан астам қазақ оралған. Президент осыны ескеріп, Ұлы көшке арнайы күн белгілеу керек деді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ұлы көштің тарихи рөлін ескеріп, арнайы күн керегін айтып жүр. Үкіметке бұл тарихи датаны атаулы күндер тізіміне қосуды қарастырып, тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын.

Ұлттық кеңес берілген тапсырма, айтылған ұсыныстың орындалуын тұрақты түрде тексеріп отыруы тиіс. Қоғамда әрқашан ашық пікірталас болуы керек. Президент жиынды осылай қортындылады. Себебі қоғам мен мемлекет арасында диалог орнағанда даму болады.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы