Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясы Қазақстандағы саяси реформаларды құптайды

Еуропа Кеңесі Парламенттік ассамблеясы Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларды құптайды.

Ұйым басшысы Рик Демс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде осылай деп мәлімдеді. Ол елде адам құқықтары мен заң үстемдігін нығайтуға және жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған демократиялық реформалардың жүзеге асырылуын ерекше атап өтті. Кездесуде аймақтық күн тәртібінің өзекті мәселелері, оның ішінде Ауғанстандағы ахуал сөз болды.

Мемлекет басшысы Еуропа Кеңесі Парламенттік ассамблеясымен жан-жақты диалогты жалғастырудың маңызды екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

– Сіздің келуіңіз уақытылы деп санаймын. Бұл сапар Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Қазір бізде қол жеткізген жетістіктерімізді қорытындылауға және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын пысықтауға мүмкіндік бар.

Рик Демс, Еуропа Кеңесі парламенттік ассамблеясының төрағасы:

– Мен сіздің айтқаныңызбен толық келісемін. Қазақстан халқын ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын.