Ауыз су мәселесі қашан шешіледі? Асқар Мамин жауап берді

Еліміздің 1922 ауылы сусыз отыр. Әсіресе, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарында ауыз су тапшылығы байқалады. Бұл туралы бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Оның айтуынша, бұл өңірлердің әкімдіктері халықты сумен қамту жұмыстар қарқынын арттыру керек. Алдағы уақытта 793 елді мекенде орталық жүйелер салып, 1129 ауылға кешенді блок-модуль орнату жоспары бар. Ал 50 елді мекенде су құбырлары кеңейтіледі. Бұл жұмысқа бюджеттен 40 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін Қазақстанда ауызсу мәселесі толық шешілуі тиіс. Министр суды тиімді пайдалану мақсатында саРаланған тариф енгізу қажет деді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

– 2025 жылдың соңына дейін халықтың 100%-ын таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Оның шешімі «Nur Otan» партиясының бағдарламасында және өңірлерді дамыту бойынша қабылданған ұлттық жоба аясында қарастырылған. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша ауылдар 91,8%, қалалар 98% ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Қалған 1922 ауылдық елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысы жалғасады. Үкімет басшысы ауыз сумен қамтамасыз етілу пайызы төмен өңірлер келесі жылы көрсеткіштерді орташа республикалық деңгейге жеткізу керек. Бұл ретте елді мекендердің ішіндегі сумен жабдықтау жобаларын іске асырудың барлық сатылары топтық су құбырларының инфрақұрылымын жүргізу жоспарларымен үйлестірілуі тиіс. Әкімдіктер ауылдарды сумен жабдықтау бойынша ЖСҚ уақытылы әзірлеу жұмысын жандандыру қажет. Автоматтандыру деңгейін арттырудың және сумен жабдықтау саласына инновациялық технологияларды енгізудің маңызы зор.