Астанада автобус жүргізушісі жетіспейді  

Елордадағы автопарктерге 800-ге жуық жүргізуші жетіспейді, деп хабарлайды «Хабар 24». Салдарынан қоғамдық көліктер арасындағы интервал ұзарған. Жолаушылар аялдамада ұзақ күтуге мәжбүр.

Лық толы автобус, аялдамада ұзақ күту елорда тұрғындары үшін үйреншікті жағдайға айналды. Жаздың күні әупірімдеп амалдайды, ал күн суытқанда қоғамдық көлікті күту нағыз мұң дейді, – тұрғындар. Автобусты күту ұзақтығы 1 сағатқа дейін созылған кездер болатынын да жасырмайды.

Сандуғаш Рахметова, қала тұрғыны:

– Таңертең автобустарға сыймай қаламыз. Адамдардың сыйымдылығы өте жоғары. Әсіресе, Мәңгілік ел даңғылы бойында. «Мәңгілік ел» даңғылының бойында автобустар жүретін бір де бір жолақ жоқ. Әсіресе, кептеліс қызатын кездерде біз бір сағаттай жолдың бойында тұратын кездеріміз болады.

Күн сайын жүргізушілер белгілі бір жоспарды орындауы керек –  яғни 8 сағат жолда жүруі тиіс. Бірақ кадрдың жетіспеушілігінен олар әдеттегіден екі есе көп жұмыс істейді. Қазір бір ауысым 16 сағатқа созылған. Жалақы шамамен 450 мың теңге.

Ерболат Мұқажанов, автобус жүргізушісі:

– Біздегі жолдар стандартқа сәйкес келе бермейді. Иә, автобус жолағын салды, бірақ оның өзі мәселені шешпей тұр. Көбіне жүргізушілер жол бермейді. Тіпті, алдымыздан орап, жүруге кедергі жасайды. Сондықтан аялдамаға кешігіп келеміз. Оған қоса жүргізуші жетіспеушілігі де бар.

Елордалық автопаркте кадрлардың жетіспеушілігі 4 жыл бойы шешімін таппаған проблема, – дейді көлік компаниясы. Олар мұны жүргізушілерге қойылатын талап қатаң болуымен байланыстырады. Яғни, автобус жүргізушісі болып жұмысқа орналасу үшін кемінде бес жыл жұмыс өтілі болуы керек. Және D1 санатындағы көлікті басқаруы міндетті.

Науат Азанбаева «CTS» ЖШС қоғаммен байланыс қызметінің басшысы:

– 1400 жүргізуші бар. Бір автобуста үш жүргізушісі болуы керек. Ал қазір бір автобуста екі жүргізуші ғана бар, оларға үлкен талаптар қойылып жатыр. Егер жүргізуші болғыңыз келсе, 5 жылдай тәжірибеңіз болуы қажет. Одан әрі D категориясы болуы керек. Ол категориямен 5 жыл жұмыс істеуі керек.

Мамандар кадр тапшылығы тек елордада ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша да байқалатынын айтып отыр. Салдарынан кейбір қалада автопарктер жабылуға мәжбүр болған. Жүргізушіні жұмысқа алу талаптарын өзгертпесе, мәселе қаз-қалпында қала бермек.