430,43 492.25 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Үкіметтік емес ұйымдар да ұлтқа қызмет етеді     

  • 77
  • UPD: 23:58, 16.11.2021

«Үкіметтік емес ұйымдар – қоғамның үні, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізетін алтын көпір». Бүгін Түркістан қаласында өткен облыстың Х-шы Азаматтық форумына қатысушылар осындай пікір білдірді. Алқалы жиын «Қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы мүддесіндегі әріптестіктің 30 жылдығына» арналды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Еркінбай Шалтан – мүмкіндігі шектеулі жандарға үміт сыйлап, өмірге деген құштарлығын арттырып жүрген бірегей азамат. Жиырма жыл бұрын өзі де абайсызда бел омыртқасын зақымдап, арбаға таңылған. Алғашында бірнеше жыл күйзеліске түскенімен тірі адам тіршілігін жасайтынын терең түсініп, мүгедектердің қоғамдық бірлестігін құрған. Енді өзі де мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қол ұшын созып келеді.

Еркінбай Шалтан, «Шапағат» мүгедектердің қайырымдылық қоры қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Жыл басынан біз оннан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кеңес бердік. Жеті баланы аяқтан тұрып, шамалы жүруге болсын көмек бердік. Бізде қазір 40-тан аса адам бейімдеуден өтіп жатыр. Оларға көмек беріп жатырмыз.

Бүгінгі таңда Түркістан облысында 70-тен астам қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Олардың атқаратын қызметі де әр алуан. Бірі - жастарға өз бизнесін ашуға көмектессе, енді бірі – білім гранттарын ұтып алуға қол ұшын созады. Азаматтық форум қатысушылары үкіметтік емес ұйымдардың Тәуелсіздік жылдарындағы жетістері мен атқарған жұмыстарын саралады.

Шәріпбек Жамалбек, ТО «Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті:

– Енді қазір мақтан тұтып айта аламын. Біздің көптеген үкіметтік емес, қоғамдық ұйымдарымыз қазір тек облыс деңгейінде емес, республика, тіпті, шетелдік гранттарға ие болатын жағдайға жетті. Олардың тәжірибесі, олардың жұмыс істеу қабілеті жылдан жылға нығайып келе жатыр. Осы жұмыс біз ары қарай нығайтуымыз керек.

Айта кетейік, форумда алдағы қараша айында Алматыда өтетін республикалық Х Азаматтық форумға қатысатын делегаттардың құрамы анықталды. Сондай-ақ елдің ынтымағы мен бірлігін сақтауға үлес қосып жүрген бірқатар үкіметтік емес ұйымдар марапатталды. Ал Инара Намазбаева облыстық Азаматтық альянстың жаңа президенті болып сайланды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы