Жамбылда 180 миллион теңгеге жөнделген мектепке жөндеу керек

Төле би ауылының мектебін қайта жөндеу керек. Таяуда ғана жаңартып, жабдықтадық деген білім ошағын енді мектеп басшылығы демеушілердің күшімен қалыпқа келтіруге мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені мердігер істі шала-шарпы атқарған. Шу ауданына қарасты бұл ауылдан шу шыққалы тексеріс те көбейіп білім мекемесінен береке қашқан. Мән-жайды анықтау үшін тіке Төле би ауылына тарттық. Мектеп директоры орнында жоқ орынбасары қарсы алды. Бастапқыда ішке кіргізбей бүлінген ештеңе жоқ екенін айтып сендіруге тырысты. Тіпті есікті іштен іліп алды.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

– Ермұхан Бекмұханов атындағы мектеп-гимназияға келіп тұрмыз. Бізге қазір рұқсат берді ішке кіруге. Нақты көз жеткізейік, қандай кемшіліктер бар? Мектептің қазіргі жағдайы мектептің директоры қазір келді. Анықтап білейік.

Кірген бойда сыныптарды мектеп қызметкерлерімен бірге жүріп, аралап көрдік. Шын мәнісінде таяуда күрделі жөндеуден өткенге ұқсамайды. Еден, есік, жиһаз барлығы тозып тұр. Кейбір терезелер ашылмайды. Электр сымдары бұрыш-бұрышта оратылған күйде жатыр.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

– Міне бұл биология кабинеті. Парталардың барлығы тозған. Мынау мүлдем сынып қалған. Еден түгелдей скочталған. Ал есік міне, мынадай қырық жамау. 

Кемшіліктің барын мектеп басшысы растап отыр. Жөнге келтіруге қаражат жоқ. Мердігердің кепілдік мерзімі бар көрінеді. Ішінара жөндеп беріп, қалыпқа келтіруге уәде еткенімен, әлі жоқ.

Азиза Естаева, Ермұхан Бекмаханов атындағы мектеп-гимназия директоры:

– Биология, химия кабинеті барлығы тоқпен жүргізілген. Ол тоқ негізі жер асты стяжканың астымен жүргізілу керек тоқ. Енді ағаш түсуі керек еді де, мына линолиум сонда қалмайтын еді. Стяжканың бетіне линолиум төсей салды. Тоқтарды өз күшімізбен қойдық. Біз мына линолиумды өз күшімізбен екінші рет ауыстырып отырмыз.

Бұл білім ошағы 2018 жылы 180 миллионнан астам теңгеге күрделі жөндеуден өткен. Комиссиямен тексеріліп, қабылданған. Алайда жөндеу сметасына мектептің шатыры, ішкі әжетхана, спорт зал, асхана, акт залы тозып, жиһаздар ескіріп тұрса да енгізілмеген. Неге екенін тапсырыс беруші аудандық білім бөлімі түсіндіріп бере алмады. Ол уақыттан бірнеше басшы ауысып кеткен көрінеді.

Перизат Қосақова - Шу аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Ол сұрақты білмеймін. Оған жауап бере алатын қазір маман жоқ. Ол кезде инженер құрылысшы жұмыстан шығып кеткен. Қазір басқа. Ол кездегі басшы да жоқ. Білмейміз кімнен сұрап не істерімізді.

Бұдан бөлек, мектепте өзге де проблемалар жетіп артылады. Мыңнан астам бала оқитын мектеп-гимназияның ауласы абаттандырылмаған. Тіпті Кеңес үкіметі кезінен қалған ескі мектептің орны әлі күнге дейін тазартылмапты. Демеушілердің көмегімен күл-қоқыстың бір бөлігі шығарылған. «Қалғанына шамам жетпеді» дейді мектеп директоры.

Азиза Естаева, Ермұхан Бекмаханов атындағы мектеп-гимназия директоры:

– Мектеп ауласында балалардың ойнайтын ойын алаңы жоқ. Спорт алаңы да жоқ. Әр түрлі шынығуға арналған. Турниктер дейміз. Секірмелер айналмалар. Олардың барлығы тозығы жетіп тұр. ол жөнінде айтылған қамқоршылық кеңесте.

Мектеп қоршауы әбден тозып ауласы көрінгеннің жүретін жолына айналған. Ұстаздар балалардың қауіпсіздігіне жауап бере алмаймыз деп отыр. Бұл мәселе сан мәрте көтерілгенімен шешілетін түрі жоқ.

Ғалия Әбітаева, ата-аналар комитетінің мүшесі:

Көктемде мына жер су болады. Жаңбыр болады. Шалшық болғанда су болғанда сұмдық. Балалар жүре алмайды. Аяқ-киімі су-су болып мектепке кіреді. Мына жердің барлығы көрдіңіз бе, ашық. Мына жерде 8-9 тесігі бар. Қалаған бұзық та, сау да, науқас та келіп, балаларға ма, мұғалімдерге ме зақым келтіруі мүмкін. Мәселені көтергенбіз. Жиналыста да айтқанбыз. Талай көтердік. Арыздарымыз да бар қоршап беру туралы. Неге шешілмей тұр? Күнде ертеңмен келе жатыр.

Азиза Естаева, Ермұхан Бекмаханов атындағы мектеп-гимназия директоры:

Өте қауіпті. Қауіпсіз деп айта алмаймын. Білесіздер, Тараз қаласында үлкен оқиға болған. Сол кезде мектеп ауласында бөтен адам жүрмесін деген. Мен сол кезде біраз басшыға айттым. Қалай менің ауламда бөтен адамды кіргізе алмаймын. Себебі қоршаудың есігі көп. Тесігі көп. Мен әрбір жерге мұғалімдерді қоя алмаймын.

 Айта кету керек, күрделі жөндеудің сапасына қатысты мәселе көтерілгелі білім ошағында береке қашқан. Тексеріс көбейген. Кезіндегі жүйесіз жұмыстың кесірі енді оқушылардың білім алуына кері әсерін тигізіп отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә