Жол картасы аясында 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды

1 қарашадағы жағдай бойынша Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде орташа жалақысы 92 мың теңге болатын 8,3 мың жұмыс орны ашылды, деп хабарлады Elorda.info.

Қазіргі уақытта ЖҚЖК аясында 228 инфрақұрылымдық жобада құрылыс жұмыстары жүргізілуде, тағы 13-і іске асырудың бастапқы кезеңінде тұр. Жобалар бойынша өңірлерде 349 мониторингтік тексеру жүргізілді.

Осы орайда Қостанай облысында 2 және Нұр-Cұлтан қаласында 1 жоба аяқталып, оларда 228 тұрақты жұмыс орны құрылды (тиісінше 103 және 125).

Сонымен қатар, ЖҚЖК екінші бағыты аясында өз ісін ашуға немесе дамытуға жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам сомаға 170 шағын несие берілді.

Ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұрғысында жалпы сомасы 100 млрд теңгеге 40 инвестициялық жобаның тізбесі бекітілді.

Естеріңізге сала кетейік, ЖҚЖК аясында 2021 жылы барлық бағыттар бойынша 42,5 мың жұмыс орны құрылады, оның 28,8 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орындары болады.

Жұмыс іздеп жүрген қазақстандықтар тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарына бару арқылы ЖҚЖК шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатыса алады.

Халықты жұмыспен қамту орталықтары уақытша тіркелген адамдарды қоса алғанда, жұмыспен қамту органдарында жұмыс іздеп жүрген адамдар, жұмыссыздар ретінде тіркелгендер, сондай-ақ жұмыстан босатылатын адамдар, жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген адамдар, студенттер қатарынан қажетті біліктілігі бар мамандарды іріктейді және оларды инфрақұрылымдық жобаны іске асыратын жұмыс беруші-мердігерге жібереді.

ХЖҚО арқылы инфрақұрылымдық жобаларға жұмысқа орналастыру кезінде жұмыссыз жастарға, NEET санатындағы жастарға, сондай-ақ денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарда студенттерге басымдық беріледі.

ХЖҚО қажет болған жағдайда инфрақұрылымдық жобаға жұмысқа орналастыруға кепілдік бере отырып, тиісті жұмыстарды орындау үшін жұмыс беруші-мердігердің/қосалқы мердігердің өтінімдері бойынша кадрларды қайта даярлауды қамтамасыз етеді.

ХЖҚО бағыттары бойынша жұмысқа орналасқандардың жалақы мөлшері салықтарды, әлеуметтік төлемдерді және экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны ескере отырып, ең төменгі жалақының кемінде екі мөлшері (83 мың теңге) деңгейінде белгіленеді.