Жамбылда жел күшейіп, ауа райы бұзылды

Таразда дүлей дауыл тұрып, қаланың астаң-кестеңін шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Желдің екпіні секундына 30 метрге дейін күшейіп шаң көтерілді. Жолдар жабылып, көлік қозғалысы тоқтатылды. Қазір Күйік-Қарабастау-Қаратау-Жаңатас бағытына жол жабық. Қатты жел үйлер мен нысандардың шатырын ұшырып әкетті. Ағаштарды тамырмен қопарып, ондаған көлікті басып қалды. Қалада жарық өшіп, жұрт әбігерге түсті. Әзірге келген шығын мен зардап шеккендер туралы нақты ресми ақпар жоқ.

Мектептерде сабақ тоқтатылып, оқушыларды үйлеріне қайтару туралы шешім қабылданды. Екінші ауысымда оқитын балалар онлайн форматқа ауыстырылады. Өңірдің таулы аймағында орналасқан аудандарда тұман түсіп, көк тайғақ тіркелген. Боран қазір де ұйтқып тұр. Алматы-Ташкент-Термез және Сарысу-Талас-Күйік бағыттарындағы жол жабылды.

Ардақ Әміребек, Жуалы ауданы полиция бөлімінің басшысы:

– Жуалы ауданының тұрғындары мен келген қонақтарға ескертеміз. Бүгін, яғни қараша айынының 17-сі күні жолға шықпауларын сұраймыз. Себебі Жуалы ауданының аумағында ауа райының қолайсыздығынан қатты жел тұрып, жер тайғақ болады.