Түркістан облысында боран соғып, тас жолдар жабылды

Аймақта қалың қар жауып, боранның астында қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір барлық бағыттағы тас жолдар жабылды. Таңертеңнен бері «Қорғас-Алматы-Тараз-Шымкент-Ташкент» республикалық маңызы бар жолда көлік қозғалысына тыйым салынды. Ауа райының нашарлауына байланысты Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды сақ болуға шақырады. Аса қажет болмаса, алыс жолға шықпауды ескертеді. Қазір жолда тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Хабар24» тілшісі Жандос Жұмабеков байланысқа шығып, қазіргі ахуалды айтып береді.

– Жандос, жол қардан тазартылып жатыр ма? Мамандардың болжамы қандай?

– Түркістан облысының бірнеше ауданында бүгін қолайсыз ауа райы қалыптасып отыр. Түлкібас, Төлеби, Отырар, Ордабасы аудандарында таңертеңнен бері қатты боран соғып, соңы ақ қарға ұласты. Табиғаттың тосын мінезінен әсіресе, Түлкібас ауданындағы жолдар көрінбей қалды. Сондықтан «Қорғас-Алматы-Тараз-Шымкент-Ташкент» бағыттындағы Жамбыл облысымен шекаралас Машат ауылына дейінгі күре жол жабылды. Автокөліктің барлық түріне шектеу қойылды. ТЖД қызметкерлері мен тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жолаушыларға ауа райының нашарлауы мен күннің суытуына, қатты жел мен қардың түсуіне байланысты республикалық және облыстық маңызы бар кейбір жолдар көлік қозғалысына әлі де қауіпті екенін ескертеді. Жолда қалып қойған көліктер мен жолаушыларға көмек көрсетілді. Полицейлер азаматтарға елді мекендерден тыс жерлерге шықпауға кеңес беруде. Сапарға шыққан жағдайда жолда жүру ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Қазір өңірдегі барлық жолдарда қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Ал ауа райының қолайсыздығына байланысты Түлкібас ауданындағы республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралы әлі де жабық.