Қызылорданың көшелерін мұз құрсады

Түркістан облысында қарға адым жерді көрсетпес дауыл тұрып, тұрғындарды әбігерге салды. Қарлы боран салдарынан сағат 10 жарымнан бастап «Қорғас-Алматы-Тараз-Шымкент-Ташкент» республикалық маңызы бар жолда көлік қозғалысына тыйым салынды. Ауа райының нашарлауына байланысты Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындарды сақ болуға шақырады. 

Талғат Досалиев, облыстық төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы:

- Қазіргі таңда жол мекемелері жол тазалау және жолға инертті материалдар себу жұмыстарын жүргізуде. Осы жағдайға байланысты төтенше жағдайлар департаментінде штаб құрылған. Осыған байланысты сіздерден ұзақ жолға шықпауды сұрар едім.

Жаңбырдан соң бірден суық ұрғасын Қызылорда көшелерін мұз басып қалды. Қыстың ауылы алыс деп бейқам жүріп, дөңгелегін сайламаған жүргізушілер үшін қозғалыс қиынға түсті. Таңсәріден авто және жаяу жүргіншілер жолын тазалауға кіріскен коммуналдық мекеме қызметкерлері қала көшелерін қардан түгел тазартуға үлгірмей жатыр. Дегенмен, күшейтілген жұмыс кестесіне көшкен. Ал магистральды трасса бойындағы Арал мен Жаңақорған аудандарының аралығына уақытша бекеттер қойылды.

Бауыржан Ибраев, ДП жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:

- Медицина қызметкерлері жүргізушілердің денсаулығын тексеріп, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылды. Аталған тас жолда түн мезгілінде жол апаттары болып жатыр. Сол себептен біз түнгі мезгілде жүргізушілерді тоқтатып, шаршап келе жатқан болса демалуын сұрап жатырмыз.

Шымкентте бұрқасын қардың салдарынан 23 шағын ауданда электр қуаты істен шығып, 13 мыңға жуық халық жарықсыз қалды. Қиындықты жою үшін Төтенше жағдайлар департаментінің 16 авариялық бригадасы мен 11 арнайы техникасы тартылды. Жұмыс жоспары күшейтілген режимге ауысты. Ал мегаполистің барлық мектептерінде екінші ауысымның оқушылары онлайн оқуға көшірілді. Қала көшелерін қардан тазарту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Электр қуатының болмауынан кейбір бағдаршамдар істен шықты. Көлік жүргізушілері келеңсіз жағдайға тап болмас үшін әр көше қиылысына полиция қызметкерлері қойылды.

Қамбар Бекенов, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Сондай-ақ...