ШҚО-да отыз жыл жөндеу көрмеген жолдар бар

Қыста қатынас қиындайтын Шығыс Қазақстанда 30 жыл жөндеу көрмеген жолдар бар. Абай ауданындағы Қарауыл-Саржал тас жолын жұрт солай дейді.

Cонымен қатар Қоңырәулие туристік кешеніне апаратын жол да әбден тозған. Көліктері сынып, сапарынан кешіккен жолаушылар «жол азабынан қашан құтыламыз» деп налиды.

Аудан орталығынан Саржал ауылына шыққан көліктер 100 шақырымдық жолды әупіріммен әрең жүріп өтеді. Өйткені ой-шұқыры көп, шоқалақ. Тіпті жүк көліктерінің өзі еріксіз айналма жолдар іздеуге мәжбүр.

Мақсат Күнғалиев, Құндызды ауылының тұрғыны:

- Жолдың бәрі жамау-жамау, жақсы болса мынандай жәй жолмен жүреміз бе. Трассамыз әдемі, жақсы болып тұрса. Траспен жүре алмағандықтан жай жолмен жүруге тура келіп тұр. Асфальтты жаяды, жұп-жұқа қылып жаяды. Жазда жаяды, қыста КамАЗ-бен көмірмен жүк жүргенде түгелі езіліп-езіліп қалады, бәрі сапасыз жасалған.

Қуаныш Киікбаев, Қарауыл ауылының тұрғыны:

- Жол сапасы дұрыс емес. Мына жерде жолдың сапасы төмен. Осылай міне дөңгелек бәрі жарылады жүрістен. Соны жасаса дейміз.

Бұл жолды күтіп баптауға жауапты мекеме шамалары жеткенше шоқалақтарға топырақ төгіп, тегістеуге тырысып-ақ жатыр. Алайда одан келетін қайыр шамалы болып тұр. Жаңбыр жауып, жер батпақ болса баяғы жартас қайтадан сол жартасқа айналады.

Ерсін Ахметов, «ОблШығысЖол» ЖШС бөлімше басшысы:

- Бұған күрделі жөндеу жұмыстары қажет болып тұр. Сол бойынша тиісті жолаушы тасымалы басқармасына жазылған қатынас хат. Сол бойынша жобалық-сметалық құжат қарастырылып келесі жылы аманшылық болса, соған облыстық бюджеттен қаражат қарастырылып жол жөнделеді деген үміттеміз. 

Облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасындағы шенеуніктердің сөзінше, қаржы тапшылығына байланысты бұл нысанға көңіл бөлу мүмкін болмай тұр. Егер бюджеттік комиссия келесі жылы өтінімді қанағаттандырса, алдағы жылдары жөнделуі мүмкін.

Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы