Газ құбырын тартып беруді уәде еткен алаяқ елордалықты тақырға отырғызды

Елорда тұрғыны «газ құбырын тартамын» деп, сан соғып қалды. Әкімдік ұсынған компанияға жүгінген жұрт алданып қалғандарын айтады. Жалпы елордада газдандыру саласындағы құрылыс-монтаждау жұмысымен 86 компания айналысады. Әкімдік бұл тізімді Сарыарқа тұрғындарына ұсынған.

Анастасия Козганбаева алаяқтардың арбауына түскендердің бірі. Ол «табиғи газдың игілігін көремін» деп, 1 млн теңгеге несие алған. Енді ай сайын арам пиғылды адамға төлеген ақшаны өтеп жүрмін дейді. Одан бөлек мердігер жеке құжаттардың түпнұсқасы мен қосымша келісімді рәсімдеуге рұқсат етілген сенімхатты алған. 

Анастасия Козганбаева, қала тұрғыны:

- «Еңбекстройсервис» компаниясынан Капсыков Еламан есімді азамат табиғи газдандыру бағасы 950 мың болатынын айтты. Басқа компаниялармен салыстырғанда арзанырақ болды. Сол кезде несие рәсімдеп, 30 қыркүйекте келісім-шарт жасастық. Екі апта бұрын келіп газ құбырын орнатты, алайда жұмысын соңына дейін аяқтамай кетті. Құжаттарды 1 жарым ай бойы өзінде ұстап, сенімхаттың көшірмесін қайтарды. Үйімізді сатып жібермеді ме деген үрей басым. Өйткені ол құрғақ уәдемен ауыз толтырып, ұшты-күйлі жоғалды.

Ал Анастасия қомақты қаражат төлесе де үйіне газ орната алмай, көмір жағып отыр. Тұрмыста газ баллонды пайдалануға мәжбүр. Шағым айтып бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. 

- Полиции мы всё объяснили. Сказали, что этот человек обманывает, что мы уже знаем 3 случая – нам всё написали и отпустили домой, сказали «будем звонить и узнавать». На следующий день на мужа телефон пришло сообщение, что вам отказано в открытии уголовного дела.

Келісім-шартта тараптардың қолы, тіпті компанияның мөрі және оның мекен-жайы да көрсетілген. Аталған компанияға барып, басшылықпен кездестік.

Қанат Ділдебеков, компания директоры:

- Бізге абонент келіп, Еламан газификация жасап беремін деп, ақшасын алып, тастап кеткенін бізге айтып кеткен. Компанияда проектировщик болып жұмыс істеді. Қазанның 31-іне дейін. Одан кейін жұмыстан шығып кетті.

Анастасияның көршісі де суреттегі адамның бірнеше күн бұрын келгенін айтты. Өз қызметін ұсынып, 600 мың теңге сұраған. Мердігер әлі тапсырыс қабылдап, айла-тәсілін іске асырып жүрген сынды, дейді олар.

Әкімдік сұхбат беруден бас тартып, хат арқылы жауап қатты. Компаниялардың ашық тізбесі заңды тұлғаның газдандыру жөніндегі құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу құқығына берілген лицензияға қосымшамен берген өтініші негізінде жасалады. Материалдық қамтамасыз етілуі және қабылданған міндеттемелердің орындалуы үшін осы заңды тұлға және олардың басшылығы жауапты болады. Егер өз міндеттемелерін орындамайтын заңды тұлғалар анықталған жағдайда тұрғындар тиісті органдарға жазбаша өтініш беруі қажет. Ал полиция басқармасы арызданушы мен компания директорының арасындағы қатынас азаматтық заңнамамен сотқа талап қою арызын беру арқылы реттелетінін түсіндірді.

Наргиз Бекмағанбетова, Таир Мерекенов