ШҚО-да жойқын жер сілкінісіне төтеп беретін бағдарлама қолға алынбақ

Шығыс Қазақстан облысында сейсмологиялық карта 25 жыл бұрын жасалған. Одан бері өңірде біраз өзгеріс болды. Картаны жаңартатын кез келді, – дейді мамандар. Биыл жыл соңына дейін Өскеменге және бірнеше шалғай ауданға 10 сейсмо-тетік қойылады. Яғни, алдағы 3 жылда барлық жер дүмпуі тіркеліп отырады. Нәтижесінде карта сызбасы қайта жасалып, құрылыс саласы жаңа нормаға сай жүргізілмек.

Шығыс Қазақстанда ең жойқын жер сілкінісі осыдан 30 жыл бұрын Зайсан ауданында болған. Тарихта «Зайсан зілзаласы» деген атаумен қалды.Сол кезде жарияланған деректерге сүйенсек дүмпу күші 8 балға жеткен. Құлаған қабырға астында қалған кішкене бала көз жұмды. 9 мыңға жуық үй қирап, мыңдаған адам баспанасыз қалды. Зайсанмен көршілес Тарбағатай ауданы да аз зардап шеккен жоқ. Түсіпхан Түсіпбеков дәл сол жылдары Қазақстан совхозының директоры қызметінде болыпты. Ауылында 267 үй құлаған. Қара жердің қалай толқығанын өз көзіммен көрдім дейді ол.

Түсіпхан Түсіпбеков, қоғам қайраткері:

– Жер сілкінісі болған кезде елдің бәрі жанын қоярға жер таппады. Өйткені менің көз алдымда теңіздегі толқындай болып кетті, үлкен бір шынжыр табан тракторлар маңыңнан өтіп бара жатқандай гүріл естілді.

Өңірдің 60 проценті зілзала қауіпі зор аумаққа жатады. Ендеше бұл көрсеткішке салғырт қарауға болмайды, – дейді сейсмолог Ринат Әміржанов.

Маманның ойынша, өлкедегі сейсмологиялық картаны қайта құрастыратын кез жетті. Бұрынғысы жаман емес, бірақ ол ескірді. Ал қазір әлем елдері «Еврокод 8» бағдарламасына көшкен. Мәселен, Жапония осы заманауи жобаны игерді. Есесіне жер сілкінсе, жұрт бұрынғыдай үйден тұра қашпайды.

Өйткені олардың үйлері Еврокод 8 программасымен салынған, қауіпсіз жағдайда болады да далаға шығып эвакуация жасалмайды, үй ішінде отыра береді.

Әзірге облыста құрылыс ескі сызбамен жүргізіліп жатыр. Яғни 2-6 баллдық дүмпулерді шамалап, соған ыңғайланған. Бірақ заман өзгерді. «Біз Жапондар сияқты дүмпу болса, даладан үй қауіпсіз болатындай жағдайға жету керекпіз», – дейді сейсмолог.

Ринат Әміржанов, ҚР Сейсмологиялық институтының зертхана меңгерушісі:

– Еврокод 8 прогармамсы бойынша адамдардың тұруына қауіпсіз үйлерді салу мақсатындағы құрылыс нұсқауын жасап береміз. Біздің карта дайын болған соң облыстық әкімдікпен, институттармен бірге басқа да құрылыстық нормалар жасалуы керек, кейінгі үйлер сол нормалармен салынуы керек.

Сейсмологиялық картаны жаңарту үшін Өскеменнің өз ішінен 5 бекет анықталып, сонша датчик қойылды. Алдын ала топырақ алынып, зерттеу жасалды.

Алексей Штыкель, ШҚО ТЖД басқарма бастығы:

– Өскеменді жер сілкінісінің тіркелуі бойынша шағын аудандарға бөлген кезде ең алдымен тектоникалық жер жарықтарына назар аудардық. Өйткені жұмысқа өңделген, зерттелген геофизикалық әрі сейсмологиялық ақпараттар мен үлгілер негізге алынады.

Бұндай ақылды құрылғылар облыс орталығымен қатар Зайсан, Қатонқарағай, Үржар, Семей сынды бірнеше аймаққа да қойылады. Өйткені өңірде 130-ға жуық сейсмикалық қауіпті аймақ бар.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин