Ұлы көш: Атажұртқа оралған қандастарға қандай көмек көрсетіледі

Тәуелсіздік алғалы атажұртқа бір жарым миллиондай қандасымыз оралды. 1991 жылдың 18 қарашасында, яғни дәл осы күні Елбасының тапсырмасымен арнайы қаулы қабылданып, шет-шеттегі қазақтардың ұлы көші басталды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Сол бір тарихи құжатқа бүгін 30 жыл. Отанға келіп орныққан бауырларымыздың бүгінгі жағдайы қалай? Жырақта әлі қанша қандасымыз жүр?

Марат Тоқсанбаев, «Отандастар қорының» бас үйлестірушісі:

– Қаулының аты «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандырудың тәртібі мен шарттары туралы» деген қаулы қабылданды. Бұл өте ерекше тарихи күн болды. Тарихи оқиғаға айналды. Содан бері 30 жыл өтті. Осы қаулы алғашқы көштің басталуына себепкер болған осы қаулы деп айта аламын.

Осыдан соң Ұлы көш басталды. Тек 1991-1992 жылдардың өзінде бірден 7 мың қазақ атажұртқа оралды.

Алғашқылардан болып Баян Өлгейден атамекенге қоныс аударғандардың бірі – Нұртай Асылбектің отбасы. Әкесі – 6 ағайынды. Атажұрттан ақ тілек жеткенде 6 ағайынның бәрі бір адамдай көшіп келген. Қазір әрқайсы өз алдына бір отау. Ұлы Отанда еңбек етіп, кәсіп қылып жүр.

Нұртай Асылбек, кәсіпкер:

– Өзінің атажұртына оралу әрбір адамның көкейінде жүреді ғой. Балаларының, ұрпағының болашағын ойлап, не жасаса да қазақ еліне жасасын деген ниетпен келген. Атажұртқа келген кезде өзімнің анам мұғалім болды. Ол кісі бастауыш сыныптарға арналған мектепке мұғалім болып кірді. Ол да үкіметтен берілген көмек. Отбасымызға тегін үй берді.

30 жылда елге бір жарым миллиондай қазақ келді. Көбі Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Түрікменстаннан, одан соң Иран, Ауғанстаннан қоныс аударған. Елдегі 19 миллиондай халықтың 6 проценті – осы Атамекенге оралған бауырларымыз.

Ауыт Мұқибек, ақын:

– Бұл көш тоқтамайды. 100 мыңдаған қазақ келген кездер болды. Бірақ кейінгі кезде біраз саябырлап қалды. Қазір пандемия болып жатыр, шекаралар жабық тұр. Құдай бұйырып, осы пандемия аяқталып, шекаралар ашылса, қазақ көшінің екінші алтын дәуірі туады. Біз соған дайын болуымыз керек.

Иә, ұлы көш тоқтамақ емес. Ұлттық жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін атамекенге 80 мыңдай қандасты қайтару көзделіп отыр. 

Ауыт Мұқибек, ақын:

– Шеттен келген қандастарды орналастыру үшін өңірлерді бекітіп қойды. Жеті облыстағы шекарада орналасқан. Ол жерде халық саны өте аз, бос жатыр деп айтуға болады.

Дастан Айтқұлов, ҚР ЕХӘҚМ комитетінің басқарма басшысы:

– Қазақстанға келген қандастарымызға әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Ол әлеуметтік көмектер осы ҚР азаматтарымен бірдей көрсетіледі. Бұл жерде мектепке бару, балабақшаға бару, гранттарға қатысу, зейнеткерлікке шығып, мүгедектік алу. Сонымен қатар Еңбек бағдарламасы арқылы рәсімделген қандастарымыз солтүстік аймақтарға көшкен жағдайда оларға 70 АЕК ретінде көмек көрсетіледі. Бұл 204 мың теңге. Және 12 айға үйді жалға алу ақшасы төленіп отырады.

Бір жарым миллиондай қазақ көшіп келгенін айттық. Қиырда әлі 4,5- 5 миллионға жуық қандасымыз жүр. Олар да атажұртқа оралып, қатарымызды қалыңдатар. Себебі «қайда жүрсең Атамекен көкейіңде жатады екен» деген ғой!

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Асхат Серікұлы, Диас Қобалынбаев