Ақмола облысында мал ұрылары ұсталды

Ақмола облысында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Полиция департаменті баспасөз қызметінің берген мәліметіне сүйенсек, өткен айдың аяғында Атбасар аудандық полиция бөліміне жергілікті кәсіпкерлердің бірі хабарласып, өзінің 17 бас ірі қарасы жоғалғанын айтқан.

Қожайыны малды 8 жарым млн теңгеге бағалады. Ал өз бетінше іздеу барысында далада олардың терілерін көргенін де мәлімдейді. Қылмыскерлердің ізіне түскен тәртіп сақшылары оларды Нұр-Сұлтан қаласынан тапты.

Белгілі болғандай, 29 бен 42 жас аралығындағы Атбасар ауданының үш тұрғыны малды жайылымда жүрген жерінен атып алып, етін сол жерден бөлшектеп, елорда базарларына сатуға алып кеткен.

Қазір күдіктілер қамауға алынып, қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Хасан Чунчалинов, облыстық криминалды полиция басқармасы бастығының орынбасары:

– Жалпы жыл басынан бері облыс аумағында мал ұрлығының 150 дерегі тіркеліп, олардың 62-сі ашылды. Бас-аяғы 11 қылмыстық топ ұсталып, 42 адам жазаға тартылды. Ал малдың иелеріне 114 млн теңгенің 355 бас малы қайтарылды.