Петропавлда баспана кезегінде келеңсіздік туындады

12 жылдан бері пәтер кезегінде тұрған Петропавл қаласының тұрғыны тізімнен тыс қалды. Себебін өзі де білмейді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бір қызығы, өңірде осыған ұқсас жағдай бірнеше рет тіркелген. Әділдік іздеген азамат арнамызға хабарласып, көмек сұрады. Евгений Гусельников баспана кезегіне 2009 жылы тұрған. 27 жастағы азаматтың барар жері, басар тауы жоқ. Сондықтан қазір пәтер жалдауға мәжбүр. Арада 12 жыл өткен соң, ол өзінің тізімде жоқ екенін білген.

Евгений Гусельников, қала тұрғыны:

– Негізінен алғашында пәтер кезегіне тұрған анам болатын. Себебі мен мүгедекпін. Өкінішке қарай, анам қайтыс болды. Содан кейін тізімде мен қалдым. Тамыз айында базаны тексеріп, өзімді таппадым. Бірден қалалық әкімдікпен прокуратураға барып, арыз жаздым. Бірақ олар маған нақты жауап бере алмай отыр.

Сколиоз ауруына шалдыққан Евгений – үшінші топтағы мүгедек. Дегенмен ерінбеген етікші болады демекші, ол ешкімге алақан жайып көмек сұраған емес. Қазір аяқ-киім жөндеумен айналысып, нәпақасын тауып жүр.

Ал жергілікті әкімдік бұл мәселені тағы электронды базаның енгізілумен байланыстырады.

Әсем Айтолла, қалалық ТҮШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Бұл азаматқа қатысты ақпарат техникалық ақауларға байланысты базаға енгізілмеген. Соған қатысты ол бізге қайтадан өз құжаттарын әкелді. Қалалық әкімдік облысқа жіберді. Облыстан кейін ол министрлікке жіберілді. Министрлік оны қарастырып, қайта кезекке қоятын болады.

Әзірге нақты қашан екені белгісіз. Егер мәселе жыл соңына дейін шешілмесе, Евгений сотқа жүгінуді жоспарлап отыр.

Самат Қайырденұлы, тілші:

– Жалпы бұл өңірдегі алғашқы жағдай емес. Шамамен осыдан бір ай бұрын жетім балалар үйінің тәрбиеленушісі жайлы материал жасаған едік. Әкімдік тірі адамды «өлдіге» санап, кезектен шығарып тастаған болатын. Іске журналистер мен құзырлы органдардың араласуының арқасында Александр Рябуха қайтадан өз кезегін алды.

Баспана мәселесі бүгінгі күні өңірде өткір. Тек облыс орталығының өзінде 15 мыңға жуық адам әкімдікте кезекте тұр.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев