Маңғыстау облысында бірнеше мектеп үш ауысымға көшуі мүмкін

Маңғыстау обьлысындағы Бейнеу ауданына қарасты  Атамекен ауылында мектеп оқушылары 3 ауысымда оқып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Білім ордасында бала көп. Бастауыш сыныпқа келгендер саны жыл сайын артып барады. Осыған байланысты ауылдағы ата-аналар енді әкімдіктен қосымша құрылыс салуды сұрайды. Бұл мәселенің көтерілгеніне үш жылға жуықтапты.

Алпысты алқымдаған Болатбай Өксікбаевтың мектепте 3 немересі оқиды. Екеуі бастауышта, біреуі жоғары сыныпқа көшкен. Сондықтан жасы ұлғайса да, мектептегі мәселені қалт жібермейді. Ата-аналар комитетінің төрағасы болып сайланған. Білім ұясында оқушылар шамадан тыс көп. Жіберетін басқа мектеп жоқ дейді ол.

Болатбай Өксікбаев, ауыл тұрғыны:

– Мына іс басындағы жігіттер мектептің жағдайын ойластырып, үйлестіріп, бір шараларын алып, тағы блок салмаса, қоныстанушы көп, халықтың тығыз орналасқан жері. Қазір сыймай қалудың табалдырығында тұр. Жедел қимылдау керек. Мұны біз айтпасақ, кім айтады?Ешкім мұңын мұңдап, сойылын соқпайды.

Мектептің іргетасы 2009 жылы қаланған. 670 орынға арналған. Алайда қазір 2400-дей оқушы білім алуда. Жыл сайын бала саны көбейіп жатқандықтан, 2012, 2014 жылдары қосымша құрылыс жүргізілген. Тіпті соңғы кездері дәлізден бөлме жасап амалдапты.

Рақымжан Шалбаев, аудан әкімінің орынбасары:

– Бейнеу ауданы бойынша территориясы ең үлкен мектеп. Бұл жерге осы аумақтағы 1846 бала сыяды. Әрине кейбір 5-6 шақымнан оқып жүргендер бар. Мәжіліс деңгейіне депутаттарымызға осы қиын жағдайымызды көрсете отырып, қосымша құрылысқа қол жеткіздік.

Осылайша әкімдік өкілдері тұрғындардың тілегі орындалатынын жеткізді. Келесі жылы бастауыш сыныпқа арналған 312 орындық ғимарат құрылысы басталмақ. Жалпы Бейнеу ауданында 3 ауысымда оқуы мүмкін тағы 4 мектеп бар.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев