Алматы «жасыл» аймақ талаптарына 22 қарашада көшеді

Ал шаһар «жасыл» аймаққа 14 қарашадан бастап кірген болатын, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Алайда 7 күн бойы мегаполисте «сары» аймақтың талаптары сақталады. Бұл туралы бүгін өткен брифингте Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты. Дегенмен эпидемиологиялық тұрақтылықты сақтау - ең басты мәселе, ол үшін санитарлық ережелерді қатаң ұстануымыз керек деп атап өтті Бекшин. Өткен тәулікте қалада коронавирус инфекциясын жұқтырған 129 науқас тіркелген. Стационарда 673 науқас ем алуда. Олардың 82 проценті ковидке қарсы екпе алмаған. Сондықтан ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін вакцина салдыру маңыздылығы баса айтылды. Осы уақытқа дейін Алматыда Pfizer вакцинасын алғандардың саны 3714 адамға жетті. Олардың басым бөлігі балалар мен емізулі аналар. Арасында жүкті әйелдерде бар.

Жандарбек Бекшин, қаланың бас санитарлық дәрігері:

– Біз «жасыл» аймақ талаптарына 22 қарашадан бастап өтуді жоспарлап отырмыз. Ashyq жобасына қатысушы нысандар түнгі 3-ке дейін жұмыс істейді. Ал «Ашық» белсенділерінің жұмысын таңғы 5-ке дейін ұзарту жоспарланып отыр. Бірінші кезекте, әрине, қоғамдық тамақтандыру орындарында адам отырғызу саны артады. Егер «сары» аймақта толтыру 60 процентке дейін болса, «жасыл» аймақта 70 процентке дейін артады. Кинотеатралар мен театрларда толтыру саны «сары» аймақта 40 процент болса, «жасыл» аймақта ол 50 процент болады.

Айта кетейік, Жандарбек Бекшин қала жасыл аймақта болғанымен, жаңа жылдық ұжымдық отырыстарға тыйым салынатынын атап өтті.