Еліміздің Қарулы Күштері әскери медицинаны жетілдіруді қолға алды

Ол үшін жаңа аппараттар алынып, тексеруден өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Алматыдағы Қорғаныс министрлігінің әскери клиникалық госпиталінде оқу-әдістемелік жиын өтті. Шараға әскери-медициналық бөлімдерге жауаптылар қатысты. Әскери дәрігерлер медициналық қызметті дамытудың перспективалары мен жолдарын талқылады. Сондай-ақ мекемелер мен бөлімшелерді медициналық мүлікпен және техникамен жабдықтаудың өзекті мәселелерін ортаға салды.

Берік Ілиясов, ҚР ҚМ БӘМБ бастығының орынбасары:

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы әскери қызметшілерге, әскери зейнеткерлерге, әскерилердің отбасы мүшелеріне медициналық көмек көрсету жағдайы туралы сұрақтар қарастырылу үстінде.

Әскери медицина жүйесін дамыту мен жетілдіру мемлекеттің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету және әскерилердің жоғары жауынгерлік әзірлігін қолдау жөніндегі шараларға мән беріледі. Түптеп келгенде, Қарулы Күштердің ұдайы жауынгерлік тұрғыда әзір болуын қамтамасыз ету басты мақсат деді жиынға қатысушылар.

Берік Ілиясов, ҚР ҚМ БӘМБ бастығының орынбасары:

– Бұл жиын барысында, сонымен қатар пандемияға қарсы вакцинация жүргізу мәселесі қаралып жатыр. Қазіргі уақытта бізді күтіп тұрған ревакцинация мәселесін талқылап жүрміз. Президентіміздің жолдауында қойылған тапсырманы толығынан орындап жатқанымызды хабарлай аламыз.

Сондай-ақ қазіргі ревакцинацияны жүргізу шарасы кеңінен талқыланып жатыр. Елдің Қорғаныс саласындағы мамандар ревакцинацияға еш қарсылық жоқ екенін білдірді. Медицинаны жете түсінетін әскерилер алдағы науқанға дайындықты бастап та кеткен.

Авторы: Гүлзия Нақыпқызы