Оралда екі көше тұрғындары сусыз отыр

Оралда екі жарым мыңдай абонент ауыз сусыз қалды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Коммуналдық апат Луговой мен Гагарин көшелерінің қиылысында болды. Топырақ астындағы құбырдың жарылуына байланысты бірнеше үйге су беру уақытша тоқтатылды.

Айта кету керек, бұл шойын құбыр өткен ғасырдың алпысыншы жылдары пайдалануға берілген екен. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Тұрғындарға ауыз су тасымалы ұйымдастырылған.

Арман Кенжебаев, Су жеткізуші кәсіпорын директорының орынбасары:

– 26 үйге су беруді уақытша тоқтаттық. Олардың арасында әлеуметтік нысандар да бар. Апат болған жерде жарық желілерінің болуы жөндеу жұмыстарына кедергі келтіріп жатыр. Дегенмен алдағы 5-6 сағаттың көлемінде бәрін қалпына келтіреміз деп ойлаймын.