Тараздағы күшті желден келген шығын көлемі белгісіз

Кейбір елді мекендерде баспанасыз қалған тұрғындар бар, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Үстіне бағандар мен ағаш құлап зақымданған автөліктерде сан жоқ. Мамандар әлі анықтап жатыр. Алайда төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ деп отыр. Қалыпқа келтіру жұмыстарына 4 мыңға жуық адам мен жүзден астам техника жұмылдырылған.

Керімбаевтар отбасы бір-ақ күнде баспанасыз қалды. Жуырда ғана тұрғызылған бес бөлмелі үйдің сау тамтығы қалмаған. Үйдің үстіңгі бөлігі мен қабырғалары құлап, бүкіл дүние мүлкі астында қалған. Табиғи апат кезінде үйде бір жастағы сәби болған. Қалғандары мектеп пен балабақшада болыпты. Қазір туған-туыстарының үйін уақытша паналап отыр.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

– Дауыл кезінде қатты зардап шеккен үйдің бірі - осы.

Шатыры ұшып, міне көріп тұрғандарыңыздай, төбесі опырылып ортасына түскен. Ал мына бөлмеде балалар болған. Абырой болғанда дауыл тұрған кезде сыртқа шығып үлгерген.

Индира Молдашева, Түркісіб ауылының тұрғыны:

– Үйге жүгіріп кіргенімізше болған жоқ. Екі бөлменің кірпіші құлаған.  Мама мен балам сасқандарынан бұрышқа тығылған. Мына жақта жуынатын бөлме, әзірге қатты ремонт қажет етпейтін шығар. Мамамыз бен бір баламыз ұйықтайды. Мына телевизор бәрін жұлып түсірді. Төсек астында мыжылып жатыр. Киімдерді мүлде ала алмай жатырмыз.  Осы екі бөлме қатты бүлінген.

Дәл осылай үйлері қирап, баспанасыз қалған бірнеше отбасы бар. Бірақ бұл туралы бүгінгі өткен брифингте нақты ақпар айтылмады. Әр мекеменің берген ақпары әртүрлі. Мәселен, облыстық төтенше жағдайлар департаменті таратқан мәліметте, дауыл кезінде жалпы саны 550 нысан зақымданған делінген. Ал облыс әкімдігі 91 нысан зақымданды деп ақпар таратып отыр.  Оның 70-і әлеуметтік, 10-ы медициналық нысандар көрінеді. 21 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры ұшып кеткен. Оның үшеуі Шу ауданынан тіркеліп отыр. Сондай-ақ дүлей дауылдан 137 елдімекенде 54 мыңға жуық абонент электр қуатынсыз қалды. Кешелі бері 45 мың абонент қайта қосылған. Әлі 10 ауыл ауыл жарықсыз отыр.

Рүстем Дәулет, облыс әкімінің орынбасары:

– Есептеп болған соң қараймыз. Негізінен мынау аудандық әкімдіктер өздерінің аумақтарында өздерінің күштерімен ұйымдастырады. Білім мекемелері болса, аудандық білім бөлімдерінде. Мәдениет болса, аудандық мәдениет бөлімінде. Ауылдық әкімдік болса, ауылдық әкімдіктерде өздерінің қаражаттары бар. Заң шеңберінде қарайды. Ауылдық жерлерде ілкімді азаматтар бар оларды ешкім міндетемейді бірақ енді жәрдем берем десе, оны көреді.

Боран кезінде 2004 жылы туылған жеткіншек қайтыс болды. 51 адам зардап шеккен.11 адам ауруханаға жатқызылған болатын.

Аймақтың бас дәрігерінің айтуынша, бүгін біразы үйлеріне шығарылған көрінеді. 4 адам әлі емдеу мекемелерінде жатыр. Сондай-ақ бірнеше бағытта жолдар жабылып, әуе рейстері кейінге шегерілген болатын. Мамандар қазір қозғалыс қалыпқа келіп, жолдардың ашылғанын айтып отыр. 

Ермек Момбаев, облыстық ТЖД бастығы:

– Республикалық маңызы бар жолдар қазір ашық. Кешегі болған оқиға бойынша жолдар жабылған жерлерде 120 автокөлік қалған болатын. Оның ішінде 58 жүк көлігі. Қалғаны жеңіл автокөліктер. 11 адам құтқарылып, жылыту пункттеріне жеткізілген. Зардап шеккен, жарақат алған адамдар жоқ.

Шығын көлемі әлі есептеліп жатыр. Қираған автокөліктердің саны белгісіз. Оларға өтемақы заңға сәйкес жүргізілмек. Үйлері зақымданған тұрғындар жергілікті жердегі әкімдіктерге жүгінуі тиіс.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Сондай-ақ...