434,60 493.30 5,88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қазақстан жақын күндері 5G интернет желісіне қосылуы мүмкін

  • 125
  • UPD: 22:26, 18.11.2021

 Сөйтіп еліміздегі шалғай ауылдардың барлығы интернетпен қамтылады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Одан бөлек тысқары аймақтағы елді мекендердің барлығы ғаламтормен қамтылады. Шетелдік «Эс и Эс» компаниясы бұрын-соңды елімізде қолданылмаған тың технология ұсынып отыр. Олар интернет игілігін көре алмай отырған жүздеген ауылды әп-сәтте-ақ ғаламторға қосып береміз дейді.

Апта басында Алматы облысындағы үш бірдей елді мекен интернет желісіне қосылды. Ақтерек, Шілібастау және Беріктас ауылдарында O3b (оу сри би) спутниктік жүйесі сынақтан өтіп жатыр. Ондағы ғаламтордың жылдамдығы өзге өңірлерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Тың жобаны шетелдік SES компаниясы жүзеге асыруда.       

Сандип Джалан,SES компаниясының қаржы директоры:

– Бұл – Қазақстанды цифрландыруға бағытталған маңызды жоба. Оның көмегімен таулы аймақта орналасқан, елдің қиырындағы кез келген елді мекенді интернетпен қамтуға болады. Біздің жүйе әлемнің көптеген мемлекетінде қолданылып жатыр.

O3b спутниктік жүйесі – жерге ең жақын орбитада орналасқан. Сондықтан онымен байланыс орнату басқаларына қарағанда анағұрлым жеңіл. Сосын интернет жылдамдығы да секундына 380 мегабитке дейін жетеді. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Мәлік Олжабеков – ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары:

– Қазір елде интернетке қосылмаған 617 ауыл бар. Соларды бірінші кезекте ғаламтормен қамту керек. SES компаниясы ұсынған жүйені сынақтан өткізіп жатырмыз. Егер барлығы сәтті болса, олармен келісімге отырамыз.

O3b жүйесі жан-жақты зерттелу үсінде. Мобильді операторлармен де байланыс орнатып, 3G және 4G желісіне қосылған кезде қалай жұмыс істейтінін байқап көруде. Алдағы уақытта O3b mPOWER жүйесін де сынақтан өткізеді. Сәтті болса, Қазақстанға  5G интернет желісіне қосылуға мүмкіндік беретін платформа ұсынады. 

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Жандос Сұлтанғазы

Хабар 24 телеарнасы