Павлодар облысында жылыту кезеңі басталғалы өрт жиіледі

Ертіс өңірінде жылыту маусымы басталғалы 40-қа жуық үй отқа оранған. Тілсіз жау төрт адамның өмірін жалмады. Қызыл жалыннан 1 млн теңге шығын келген. Өрттің алдын алу мақсатында төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері күшейтілген жұмыс режиміне көшті.

Тамара Шпильман бес баланың анасы. Бір апта бұрын ауласындағы көмір қорасы өртеніп кеткен. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Дегенмен, бұл оқиға көп балалы отбасы үшін сабақ болды. Биыл жылу маусымына тыңғылықты дайындалған. Бұған қоса үйдің ішінде улы газды анықтайтын арнайы құрылғы орнатылды. 

Тамара Шпильман, Ленин кентінің тұрғыны:

- Сіріңке, от алғыш сияқты заттарды ашық жерде қалдырмаймын. Балаларым кішкентай. Биыл газ баллондарынан бас тарттық. Себебі өрт жиілеп кеткен. Үйді жылыту үшін пайдаланатын пешімізді тазартып, қалыпқа келтіріп отырамын.

Сонымен қатар пештің мұржасы күлден тазартылды. Сала мамандарының айтуынша, жылытқыш құралдарының дайын болмауы өрттің тұтануына алып келеді. Жыл басынан бері жер үйлерде улы газдың 400 датчигі орнатылған. Мақсат - адамдардың улануын алдын алу. 

Қайрат Шаймерденов, облыстық ТЖД басқарма бастығы:

 - Жылыту пештерін дұрыс пайдаланбау, дұрыс орнатпау өрт оқиғаларының негізгі себебі. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындардың жауапсыздығы. Алдын алу шараларын күшейттік. Әрине жекеменшік тұрғын үй секторындағы өрт жағдайлары 30 процентке азайды. Мәдениет қалыптасып келеді.

Жыл басынан бері газ-баллон құрылғыларының дұрыс орнатылмауы салдарынан үш өрт болды. Салдарынан үш адам жарақат алған. Осы тектес оқиғаларды болдырмау үшін шаралар да күшейтілді. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта тұрғындар газ құрылғыларынан жаппай бас тартуда. Бұл жақсы үрдіс. 

Мұхамед Жеңіс, Павлодар қалалық төтенше жағдайлар басқармасының инженері:

- Газ құрылғыларын мамандар орнату керек. Қолдарында тиісті құжаттар болу тиіс. Өкінішке орай, тұрғындар бұған салғырт қарайды. Салдарынан газ шығып, үй-жайлар өртеніп жатады. Десе де, соңғы жылдары газ баллондарын қолданатын тұрғындар көбейді. Тұрғындар өз қауіпсіздіктері үшін қорқа бастады.

Айта кетейік, бұл шаралар әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын отбасыларда қолға алынған. Бүгінде төтенше жағдайлар қызметінің есебінде 1500-ден астам жанұя есепте тұр. Қазіргі уақытта сала мамандары газ баллондары орнатылған нысандарды түгендеп, түсіндіру жұмыстарын қайта жүргізбек.

Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков