Бабаларымыз ежелден темір балқытқан

Қазақ металлургиясы ерте қола дәуірінен басталады. Бұны отандық ғалымдар дәлелдеп отыр. Елімізде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында көптеген шахталық тәсілмен жұмыс істейтін жерасты пештері табылған. Археологтар мұндай технология Орталық Азия елдерінің бір де бірінде жоқ екенін айтады.

Қазақ даласы ежелгі металлургияның отаны. Оны археологтар ғылыми тұрғыда дәлелдеді. Бұған қазба жұмыстарынан табылған құнды жәдігерлер айғақ. Себебі металды балқытып, одан бұйым жасауды ата-бабаларымыз осыдан сан мың ғасыр бұрын меңгерген. Яғни дала өркениеті технологиялық тұрғыда дамыған. Сол дәуірдегі шеберлер жасаған бұйымдардың беріктігі мен металл құрамы әлі күнге дейін зерттеліп жатыр.

Альбина Ержанова, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері:

- Қазақстанның барлық аймағында қазба жұмыстары жүрді. Оның ішінде 10-нан аса қоныс, оның ішінде 5-6 металлургиямен айналысқан қоныс бар. Қазақстанның металлургиясы 20-ғасырда емес, сонай ерте қола дәуірінде бастау алғанын дәлелдеп отырмыз.

Археологтардың айтуынша, ұлы даладағы ежелгі металлургия Ұлытау жерінде кеңінен дамыған. Бұл өлкедегі Талдысай қонысы  соның дәлелі. Мұнда ерте қола дәуірінде де мыс балқытып, түрлі бұйымдар жасапты. 

Көне металлургия орталықтарының бірі Талдысай қонысын талай жыл талмай зерттеген Антонина Ермолаева бұған шетелдік ғалымдардың да қызығып отырғанын айтады. Сондықтан шахталық тәсілмен жұмыс істейтін жерасты пештерінің құпиясын толық ашу қажет дейді. 

Антонина Ермолаева, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері:

- Қазір қола дәуіріндегі технологиялық тәсілдер зерттеліп жатыр. Себебі, шахталық пештерде металл балқыту процесі өте күрделі. Бір қызығы онда қазіргі заманға сай физика-химиялық әдістер қолданылған. 

Сондай-ақ ғалымдар елорда іргесіндегі Көне Бозоқ қалашығында да Қазақстанның ежелгі металлургтерінің материалдық мәдениеті сақталған деп отыр. Болашақта тіпті «Бозоқ» арқылы дала өркениеті дәріптелмек. Әрі металлургия кешені құрылмақ.   

Зейнолла Самашев, археолог ғалым:

- Бұрын енді ашылып қалған қазба жұмыстарын тастап кетеді деп халық археологтарға шағымын айтып жататын. Енді жаңа тұрғыда зерттеліп жатыр. Тек қазба жұмыстары емес, оларға болашақта музей жасау жұмыстары қатар жүреді. Бозоқ музейі келешекте үлкен тарихи-мәдени кешен салынбақ. Сонда металлургниялық көне тау-кен істері туралы үлкен бір павильон болады.

Археологтар, биылғы археологиялық жұмыстардан да олжа көп дейді. Соның бірі Жезқазғандағы Милықұдық қонысында кен қорын сақтайтын ұра-қоймалар табылған.

Айнұр Қуатқызы, Нұрғали Мамырбаев