Түркістанда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды

Бүгін Түркістан қаласында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының ашылуы өткізілді. Аталған іс-шара Дүниежүзілік әйелдер кәсіпкерлігі күніне арналды. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әйелдер бизнес ашу мен жүргізу бойынша кеңес, әдістемелік көмек ала алады. Облыста кәсіпкер ханымдар саны көбейіп, жаңа жұмыс орны артады деген сенім бар.

Вице-министр атап өткендей, бүгінде әйелдер түрлі салада табысты жұмыс істеуде. Бұл үрдісті ел басшылығы кеңінен қолдайды. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселесі «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына енгізілген.

Орталықтың мақсаты – өз ісін әрі қарай дөңгелеткісі келетін бұрыннан жұмыс істейтін әйел кәсіпкерлердің мүмкіндігін кеңейту, сондай-ақ инклюзивтік, өмірге бейім және орнықты экономика үшін, әсіресе, өңірлерде қолайлы жағдай туғызу.

Орталық әйел кәсіпкерлерді қаржылық емес қолдаудың алаңына айналып, олардың экономикалық белсенділігін арттыру үшін, іс-шаралар мен оқу бағдарламаларына қатысуы үшін кешенді қызмет көрсетеді. Сондай-ақ іске қосу мен өсу процесінің барлық кезеңінде платформа ретінде әрекет етеді.

«Бұл әйелдердің өсуіне көмектесетін аса маңызды бастама деп санаймын. Біз экономиканың өсуі үшін алда жаңа мүмкіндіктерді жасай береміз деп ойлаймыз. Мұның барлығы еліміздегі әйел кәсіпкерлердің шығармашылық және кәсіпкерлік әлеуетіне жүйелі түрде оң ықпал етеді», - деді Ұлттық экономика министрлігі басшысының орынбасары.

 Еске салсақ, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары 17 өңірде, яғни еліміздің әр өңірінде бір-бір орталықтан пайда болмақ. Осы мақсатта бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі, «Атамекен» ҰКП және ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия арасында үшжақты меморандум жасалды. Орталықтарды қаржыландыру АДБ мен БҰҰДБ техникалық жәрдемдесу қаражаты есебінен жүргізіледі.

Орталықтар екі кезеңмен құрылады. Бастапқы кезеңде ағымдағы жылдың соңына дейін Маңғыстау мен Алматы облысында тағы 2 орталық ашылады. Екінші кезеңде, 2022 жылы қалған 14 орталық жұмысын бастайды.